Қарбыздан шырын шығарады

0 298

Жұрттың тұрмыс-тіршілігі нарыққа негізделген бүгінгідей заманда қайта өңдеу ісінің маңыздылығы айрықша. Өйткені өнімді шикізат күйінде сыртқа өткізіп, одан қайта өңдеу арқылы шығарылған сан түрлі өнімдерді қайтадан өзіміз удай бағаға сатып алудан аузымыз күйген. Сондықтан да мемлекет бүгінде қайта өңдеу ісіне ден қойған кәсіпкерлерге ерекше қолдау көрсетуге бейіл. Осыны түсінген жергілікті кәсіп иелері қарап жатқан жоқ. Мысалға Талас ауданындағы «Береке» шаруа қожалығы қарбыздан шырын өндіруге ден қоймақшы. Қожалық төрағасы Нұркен Тұраровтың айтуынша, қарбыздың шырын өндірісі шетелдік технология арқылы жүзеге асырылады. Аталған әдіс арқылы өңделетін шырын арнайы бұрандалы қақпашасы бар полиэтиленнен жасалған ыдысқа немесе қағаз қорапқа құйылады. Қайта өңдеу өнеркәсібі ашылған сәтте онда 10 адам жұмыспен қамтылады. Сол үшін агроқұрылым қарбыздың шырынды саналатын «Продюсер» сұрыпын еккен. Шаруа қожалық иесінің сөзіне сүйенсек, қарбыздың дәл осы түрінен шырын алуға болады екен.

Қазір иелігімдегі жердің 5 гектарына шырынды қарбызды ектім. Жиын-терім уақытында әр гектардан кем дегенде 60-70 тонна қарбыз жинап аламыз деп жоспарлап отырмыз. Қарбыз шырынын өткізу, оның бағасын келісу бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, – дейді Н.Тұраров.

Берекесін даладағы қызу еңбектен іздеген берекеліктердің тағы бір ерекшелігі шаруа қожалық егістікті артезиан құдығынан шыққан сумен суарып отыр. Бұның өзі де агроқұрылымның қиыннан жол тауып, ағын су мәселесінің тиімді шешімін тапқанын көрсетеді.

Егіс алқабының аумағында Кеңес одағынан қалған екі артезиан құдығы бар. Жер асты суын кезінде арнайы бұрғымен ұңғыма жасау арқылы шығарған. Құдықтан суды дизель отынымен жұмыс істейтін мотор арқылы тартылады. Бірер жыл бұрын Қытайдан құны 10 миллион теңге болатын жаңбырлатып суаруға арналған құрылғы сатып әкелгенмін. Қазір құдықтан шыққан суды осы құрылғымен егіс алқабына жеткізіледі, – деді шаруа.

Артезиан суы қожалық иелегінде жерге қияр, қызанақ, жүгері сынды бақша дақылдарын суаруда да пайдалынылады. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы «Береке» шаруа қожалығының қазіргі қам-қаретінен хабардар. Олар өз тараптарынан алқапқа электр энергиясын тартып беру арқылы шаруа қожалығына көмек көрсетеді. Сондай-ақ олардың

жаңбырлатып суару құрылғысын жұмсалған қаржының тең жартысына субсидия ретінде кері қайтарып бермек. Агроқұрылым қазір тиісті құжаттарды жинауға кіріскен.

Алақандай ауылда жұмыс жоқ деп кісіге алақан жаймай өңдеу өнеркәсібін жолға қоюға ниет етіп, оның шикізатын қамдауға кіріскен «Береке» шаруа қожалығының тындырымды тірлігі көпке үлгі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.