Керексіз колледжді қайтеміз?

0 306

Жамбыл облысында колледжер саны өте көп. Бірақ, олардың басым бөлігі қоғамға қажетті маман иелерін дайындай алмай отыр. Қажетсіз мамандарды дайындайтын колледждерді жабу қажет пе? Осы мәселе әкімдікте өткен кезекті жиында қаралды. Өкінішке қарай, облыста жұмыс істеп тұрған 46 колледж бұл үдеден шыға алмай отыр. 23-і, яғни тура жартысы сұранысқа ие емес мамандар дайындап жатса, енді бірінің берген білімі сапаға сай келмейді. Жиындаоблыс басшысы Бердібек Сапарбаев бұл сауалды облыстық білім басқармасына төтесінен қойды. Алайда, басқарма басшысының міндетін атқарушы Талғат Жамалов мандытып жауап бере алмады.

Жиынның тағы бір негізгі тақырыбы, колледждерді сенімгерлікке өткізу жәйі. Бұл тапсырманың баяу орындалуының басты себебі, аталған білм нысандарының пайда табу көрсеткіші төмендігінен. Мәселен, бизнес-қауымдастық өкілдері №5 Жаңатас, №17 Жамбыл, №2 Қаратау колледждерін басқаруға алудан осы себепті бас тартқан. Нақты айтқанда «ЕвроХим-Удобрения» ЖШС директоры В.Бугаев ұзақ уақыт келіссөздерден кейін химия өнеркәсібіне қатысы жоқ мамандарды дайындап келген білім ошағын қарамағына алуды жөн көрмепті.

Сондай-ақ, Бердібек Машбекұлы басқарма басшылығының 2018 жылы Тараз химия-технологиялық колледжін қосу жолымен қайта құрылған  Жамбыл жоғары политехникалық колледжін тағы да екіге бөлу туралы ұсынысын да жарамсыз деп тапты. Өйткені, жаңа колледж ашу арқылы тек қажетсіз басшылар саны ғана артатынын айтып, тығырықтан шығудың басқа жолдарын қарастыруды тапсырды. Өйткені, колледждер көбейгенімен, қажет маман иелері әлі де көбеймей жатыр.

Сонымен қатар Б.Сапарбаев аймақтағы дуальді оқыту жүйесі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар республикалық деңгейден төмен болып отырғанына кейіді. Студенттерге білім беруге жұмсалатын уақыттың 60 пайызы практикалық, 40 пайызы теориялық оқытуға жұмсалуы қажет.

– Мысалға, Тараз сервистік-техникалық колледжінде облыс орталығындағы қымбат мейрамханаларда жоқ асханаға арналған қондырғылар бар. Олар неліктен өздері ас пісіріп, дүкендерге сатпайды? Сол секілді ауыл шаруашылығы колледждерінде экскаватор, кран, комбайн секілді қымбат техникалар тұр. Соларды құрылысқа, егіс маусымында жалға берсін. Тіпті болмаса студенттері айдасын. Осылайша мекеме бюджетіне қаржы түседі. Білімгерлер де табыс табады. Осыны назарға алыңыздар, – деді облыс әкімі.

Жиын соңында арнаулы орта оқу орындарын сенімгерлік басқаруға беру мәселесіне қатысты өзге де тараптардан жауап алынып, нақты тапсырмалар берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.