Жастардың жарқын жобасы
Облыстық жастар ресурстық орталығының бастамасымен жастарды және қала тұрғындарын түрлі сала бойынша ақпараттандыру мақсатында «Халыққа кеңес беру алаңы» жобасы тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Жыл басынан бері орталық бірнеше рет аталған іс-шараны өткізіп, азаматтарды түрлі сауалдарын қарастырды. Біріншіден жан-жақтан жиналған мамандар келушілердің талап-тілектерін тыңдап, сұрақтарға нақты жауаптар берілді. Ал, шешімі қиын өтініштер, зерделеніп, өз иесіне тиісті деңгейде түсіндірілді.
Жалпы кеңес беру алаңында жастар мен жергілікті тұрғындар өздерін мазалаған сұраққа жауап ала алады. Кеңес алуға келгендердің басым бөлігі тұрғын үй, жұмыспен қамту, мемлекеттік кірістер, жер қатынастары мамандарына жүгінеді. Оларды қызықтыратын сауалдардың басым бөлігіне тоқталсақ: жас отбасылар мемлекеттік бағдарлама аясында баспаналы болу тетіктерін сұраса, қолында дипломы бола тұра, екі қолға бір күрек таппай жүргендер, жұмыспен қамтудың жол картасы қызықтырады. Айта кетсек, «Халықты жұмыспен қамту» бағдарламасы жмыссыздарды қоғамға қажетті қайта мамандық игеруге немесе жаңа кәсіпті игеруге бағытталған.
Мәселен, жуырда Тараз мамандандырылған колледж студенттеріне мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беру алаңы өткізіліп, облыс әкімдігінің білім және ауыл шаруашылығы басқармасының, Тараз қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының мамандары жастарға жұмысқа орналасудың жолы мен тәртібі бойынша және мемлекеттік бағдарламалар аясында кеңес берді. Жалпы ағымдағы жылы 14 кеңес беру алаңы өткізілді. Шара барысында мемлекеттік қолдау тетіктері, құқықтық мәдениетті арттыру, жастар арасындағы құқықбұзушылық профилактикасы, білім, жұмысқа орналасу, дін, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, ауыл шаруашылығы саласын қолдау тетіктері, мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі, міндетті медициналық сақтандыру талаптары секілді салаларды қамтыған мәселелер бойынша қабылдаулар өткізілді.
Кеңес беру алаңдары аудандарда да ұйымдастырылуда. Жобаның жастарға берері мол. Жоба аясында тек жастарды ғана емес сонымен қатар қала және аудан тұрғындарын да ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде. Кеңес беру шаралары онлайн түрде де жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта «Кеңес беру алаңы» жобасы тұрақты түрде өткізіліп тұрады, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Таутен.