Жомқорлықпен күрес – баршаның міндеті

0 188

Бүгінде қоғам жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтан құтылуды қалайды. Облыста жемқорлықпен күрес күшейтілгенімен әлі де болса «Бармақ басты, көз қысты» әрекеттер тиылмай отырғанын мойындауымыз керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің алты айда атқарған жұмысына сүйенсек, биыл сыбайлас жемқорлық сипатындағы 42 қылмыс орын алыпты. Оның ішінде ең басты төртеуі сыбайлас жемқорлық деректерінің жүйелі түрі болса, екеуі кіші және орта бизнес субъектілерінің жұмысына заңсыз араласу және алтауы мемлекеттік бағдарламаларды сүйемелдеу барысында қаржыны жымқырғаны анықталған. Департамент мамандары мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектор басшыларының қолымен жасалған сыбайлас жемқорлық қылмыстарын да ашқанын айта кетуіміз керек. Бұл бойынша облыс деңгейіндегі 2, қала мен аудан деңгейіндегі тағы осыншама басшының үстінен қылмыстық іс қозғалыпты. 16 маманға қатысты іс сотқа жолданып, 26 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылған екен. Тіркелген қылмыстар бойынша мемлекетке 116,7 миллион теңге көлемінде залал кетірілсе, бүгінде оның 96 миллион теңгесі өндірілген. 7,2 миллион теңге тұратын мүлікке тыйым салынған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев білім саласында бюджет қаржысын иелену, ауыл шаруашылығы саласында субсидияны заңсыз талан-таражға салу, денсаулық саласында үстемақыларды негізсіз тағайындау, қаржы жымқыру, әлеуметтік салада сау адамға мүгедектік тағайындау, жұмысқа орналастыру мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында атқарылған жұмыстарды қабылдау барысында өрескел заң бұзушылық әлі де тиылмай отырғанын айтты.
– Аталған жағдайлар сол саладағы мекеме басшылары сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын ұйымдастырмай, бәрін формальді түрде жасап отыруынан туындауда.«Nur Otan» партиясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына сәйкес, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың жалпы сомасының кемінде 5 пайызын сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытқа бөлуді көздеген. Алайда алты айда әртүрлі себептермен әлеуметтік тапсырыстар бойынша сатып алулар әлі күнге жүзеге аспай келеді. Мәселен, Тараз қаласы мен Жамбыл, Қордай, Т.Рысқұлов аудандарында бұл бағыттағы жұмыстар кенжелеп тұр. Бұл үшін Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 680-бабымен жаза қарастырылған, – дейді ол.
Мемлекеттік сатып алу саласында да былық көп. Ішкі аудит департаменті тарапынан Мемлекеттік сатып алу Заңының талаптарын сақтамағаны үшін 440 әкімшілік іс қозғалған екен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті тарапынан да бұл бойынша ауқымды тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде 13 азаматтың заңбұзушылыққа жол бергені белгілі болыпты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.