Ұланбелдіктердің бағымындағы малы еселеніп келеді
Ұланбел ауылының тұрғындары негізінен нәсібін ата кәсіптен тауып отыр. Өйткені мұнда мал шаруашылығы саласымен айналысуға ғана мол мүмкіндік бар. Қазіргі таңда аталған елді мекенде 2852 сиыр, 13503 қой-ешкі, 769 жылқы, 110 түйе бар. Қойнауына қазына мен сыр бүккен ауылдық округ Мойынқұм мен бетбақдаланың шектесетін жерінде орналасқан. Тұрғындардың кейбірі қырдың қызыл тасын ойып нәпақа тапса, енді бірі Шу өзенінің балығын аулап күнелтуде. Аталған ауылдық округте 11 шаруа қожалық пен 35 жеке кәсіпкерлік нысан бар. Кәсіпкерлік нысандардың ішінде 12 дүкен мен 2 асхана халық қажетін мейлінше өтеп тұр. аталған асханалар үлкен жолдың бойынан Ұланбел ауылына бұрылар тұстағы қырдың үстіне орналасқан. Ол жерден жергілікті халықтан бөлек, үстіне тұз, шөп, тас артқан ауыр жүк көліктерінің иелері мен басқа да жолаушылар тамақтанады. Ауылдық округ әкімдігінің бас маманы Талғат Үсембаевтың айтуынша, Ұланбел ауылында жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстардың ішінде жастарға көрсетіліп жатқан қолдаулар да айрықша. Мәселен 207 түтіннен тұратын Ұланбел ауылында 991 тұрғынның 174 14-29 жас аралығындағы өрендер. Оларпдың биыл 13-і ақылы қоғамдық жұмысқа тартылса, екі адам «Жастар тәжірибесінен» өтіпті.
– Жастар арасында жұмыссыздық мәселесін азайту бағытында атқарылып жатқан шаруаның бірі – олардың кәсіппен айналысуына жағдай жасау. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы арқасында шағын бизнеске бет бұрып жатқан жастар қатары жыл санап артып келеді. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған отбасыларға қайтарымсыз грант берілуде. Мәселен өткен жылы аталған бағдарлама бойынша ауылда өз кәсібін дамыту үшін 3 азамат мемлекеттен 555 мың теңге қайтарымсыз қаржы алып, екеуі ешкі малын өсіруге ден қойса, біреуі жем-жөп турайтын құрылғы сатып алып, өз істерін дөңгелетіп отыр. Бақытын ата кәсіптен тапсам деген ниетпен мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алған жастың бірі – Бексұлтан Қостай. Ол 2019 жылы мемлекет есебінен 3 миллион грант алып, ол қаржыға 80 қой сатып алды. Қазір оның малы 200-ге жуықтап қалды, – дейді Т.Үсембаев.
23 жастағы Бексұлтан Болатұлы бұрнағы жылы аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандарына жолығып, кәсіппен айналысқсы келетінін айтыпты. Ондағы мамандар кәсіпке бейімі бар жастардың қысқа мерзімді оқыту курсынан өтіп жатқанын айтып, ұсынған өміршең жобасы үшін мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алуға болатынын жеткізген. Осылайша, болашақ шаруашылық иесі арнайы оқытудан өтіп, қолына сертификат алып, өз жобасын сәтті қорғап шығыпты. Мемлекет тарапынан қол жеткізген қайтарымсыз қаржыға тараз қаласы маңында орналасқан іргелі бір шаруашылықтан қазақтың құйрықты әрі қылшық жүнді 80 қойын сатып алып, ата кәсіппен айналысуға ден қойған. Қаржының бір бөлігін қора-жай салып, қысқы мал азығы үшін жемшөп сатып алуға жұмсаған. Түлікті төлі есебінен көбейтуді көздеп еңбектенудің арқасында жас кәсіпкер болашақта маңайдағы тұрғындарды ет және ет өнімімен қамтамасыз етді көздеп отыр.