Кальцийлендірілген сода зауыты салынады
Кальцинирленген өндірісте де және басқа да көптеген салалармен қатар, тұрмыста да кеңінен қолданылатыны белгілі. Оны тұтынуға келгенде біздің өңір бұрыннан сыртқы нарыққа тәуелді еді. Енді жамбылдықтар өнімнің осы түрі үшін сыртқа жалтақтамайтын болды. Өйткені облыстың Сарысу ауданында Қазақстандағы алғашқы кальцийленген сода өндіретін зауыт салынбақ. Жобаны «Yildirim Holding» түрік компаниясының еншілес кәсіпорны «Qazaq Soda» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырады.
Жобаның алғашқы кезеңінде зауытқа 400 миллион доллар инвестиция құйылып, кәсіпорында жылына 1 миллион тонна өнім өндіріледі.
Зауыт құрылысына жергілікті тұрғындар арасынан 1 мыңға жуық маман тартылады. Ал өндіріс ошағы іске қосылған соң кәсіпорында 300 жаңа және 1000 жанама жұмыс орны пайда болмақ.
Осы жобаны іске асыру арқылы Қазақстан әлемдегі жетекші сода өндіруші мемлекеттердің қатарына енеді. Қуатты кәсіпорын Қазақстанды кальцийлендірілген сода импортына тәуелділіктен құтқарады. Тіпті ішкі сұраныс өтелген соң экспортқа да жол ашылады.
Мамандар қазірдің өзінде Қазақстандағы алғашқы кальцийленген сода өндіретін зауытты әлемдегі ең тиімді және экологиялық таза технология қолданылатын кәсіпорындардың қатарына қосады. Әрі зауытқа қажетті шикізаттың жақын болуы да оның өнімділігін арттырудың басты шарты ретінде қарастырылады.
Атап өтерлігі түркиялық Yildirim Holding компаниясы негізінен пайдалы қазбалар мен ферроқорытпалар тыңайтқыштар мен химикаттар өндірумен айналысады. Компанияның ТМД және Ресейдегі өкілдігінің вице-президенті Метин Октай Сарысу ауданында жүзеге асыралатын жобаның металлургия және тау-кен өнеркәсібі үшін маңызы зор екендігін алға тартады.
Компания Орталық Азияда орналасқан «Qazaq Soda» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы Қазақстанды инвестициялар үшін қолайлы ел ретінде айқындады. Шын мәнінде, 2013 жылдан бастап Yildirim Holding Қазақстанға 500 миллионнан астам АҚШ долларын инвестициялаған, – дейді вице-президент.
Сарысу ауданындағы пайдалы қазбалар аймақтың инвестициялық климатын қалыптастырудың басты тірегі саналады. Осыған дейін мұнда «Еуро Хим» компаниясы инвестиция салып іргелі өндіріс орнының жұмысын жолға қойған. Енді кезекті түркиялық компанияда ауданның өндірістік әлеуетін арттыруға күш салады. Бұл ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына тың серпін сыйлап, жұмыс орындарының көптеп ашылуына мұрындық болары анық.