ҚҰРБАНДЫҚҚА ШАЛЫНҒАН МАЛ ЕТІ ХАЛЫҚҚА ТАРАТЫЛДЫ
Құрбан айт – Алланың разылығына жеткізетін амалдар жасайтын мұсылмандардың ең қасиетті, ұлық мерекелерінің бірі. Құрбан айттың тағы бір ерекше тұсы – құрбандық шалу және шалынған құрбандық еттерін мұқтаж жандарға үлестіру. Сол арқылы оларға қуаныш пен шаттық сыйлау.
Құрбан айттың бірінші күні алғашқы болып, құрбандыққа бір бас ірі қараны Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұлов құрбандыққа шалды. Мереке дәстүрі бойынша, сойылған малдың еті 20 мұқтаж отбасыға таратылып берілді. Құрбан малын шалу рәсіміне аудандық орталық мешіттің бас имамы Сұлтан Жадраев қатысып, құран оқып, дұға жасады.
Айта кететіні, Құрбан айт жылдағыдай деңгейде тойланбаса да, құрбан шалу рәсімі карантин талаптарын қатаң сақтай отырып атқарылуда.
Мерекенің негізгі жөн-жоралғыларын атқаруда, ауыл мешіттері де атсалысуда. Елдегі індеттің өршуіне байланысты өңірлерде санитарлық талаптарды қатаң сақтау басты назарға алынып, Құрбан айт мерекесіне орайластырылған қайырымдылық шаралары барлық елдімекендерде ұйымдастырылып, көпбалалы аналар мен жалғызбасты қарттарға көмектер көрсетілуде. Жалпы алғашқы күні ауылдық округтерде 4 ірі қара, 38 ұсақ мал құрбандыққа шалынып, 263 отбасыға үлестіріліп берілді.
Мешіт тізімінде тұрған көп балалы және жалғызбасты аналар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты.
Құрбан айт – достық пен бауырластықтың алтын арқауына айналған, адамгершілік құндылықтарды қадірлеп, төзімділікті уағыздайтын ізгілік мерекесі.