Айналма жол ашылды
Жамбыл облысында ұзындығы 16,1 шақырымды құрайтын «Тараз қаласының Қырғызстан шекарасына оңтүстік айналма автожолының» құрылысы толығымен аяқталды. Мердігер – «Казахдорстрой» ЖШС. Нысан бойынша құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталған болатын. Жобаны іске асыруға «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 3,5 миллиард теңге қарастырылған.
— Автомобиль жолдарының ыңғайлы және кең желісі аймақтың экономикалық дамуына да ықпал етері сөзсіз. Көршілес Қырғызстан тұрғындары біздің облысымыздағы транзиттік жол арқылы өтеді. Осы орайда жүргізушілерге ыңғайлы болу үшін және қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін айналма жол құрылысы 2019 жылы басталған болатын. Бұл екі ел – Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда қатынастарының артуына да оң әсер етеді деп сенемін. Сондай-ақ, 16 шақырымдық жол бойында кәсіпкерлік нысандары салынып, жаңа жұмыс орындары ашылатын болады, — деді Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өз сөзінде.
Аймақ басшысы мердігер компанияға құрылыстың сапасы үшін алғыс айтты.
— Көптеген жүргізушілер Қырғызстанға Тараз қаласы арқылы өтуге мәжбүр болып келді, бұл ұзақ уақытты алатын. Қаланы айналып өтетін жаңа бағыт кем дегенде бір сағаттық уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ірі жүк көліктері бұрынғыдай облыс орталығы мен Жамбыл ауданының жол бөліктерін зақымдамайтын болды,- дейді көлік жүргізуші Сұлтан Ахметжан.
Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Сабри Асанов облыс басшылығына халықтың қажеттілігіне бей-жай қарамағаны үшін ризашылығын жеткізді.
— Бірнеше елді мекен осы маңға жақын жерде орналасқан. Енді ауыр жүк машиналары ауыл тұрғындарының мазасын алмайды, — деді ол.
Ал, ҚР Құрметті жолшысы Самед Жұмаділдаев айналма жолдың облыс орталығындағы жолдардың жүктемесін жеңілдетуге септігін тигізетінің тілге тиек етті.
Бүгінгі таңда Тараз қаласының 70 мыңға жуық тұрғыны «Алматы-Шымкент» бағытындағы темір жол желісінің арғы бетінде тұрады. Қаланың екі бөлігі арасындағы көлік қатынасы Абай көшесінде орналасқан жалғыз жол өткелі арқылы жүзеге асып келген. Соңғы жылдары көлік қозғалысы қарқындылығының 2-3 есеге өсуіне байланысты қолданыстағы жалғыз жол өткелі көлік ағымын игере алмай, салдарынан кептелістер мен жол көлік оқиғаларының орын алуы жиілеп кеткен болатын. Осы мәселені шешу мақсатында Айша бибі көшесіндегі темір жолды қиып өтетін құрылысы аяқталмаған жол өткелі қайта жаңғыртылып, жобаның жалғасы ретінде республикалық маңызы бар «Тараз-Өтмек Қырғызстан шекарасы» автожолына жанасатын жаңа аталған айналма жол құрылысы жүргізілді.
Айналма жол облыс орталығы жолдарындағы көлік ағынын азайтуға, Тараз қаласы мен Жамбыл ауданының елді мекендері тұрғындарының көлік қатынасын қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
Енді транзитті ауыр жүк көліктерінің қаланы оңтүстік беттен Қазақстан-Қырғыз шекараларында орналасқан «Айша бибі» және «Бесағаш» кедендік өткізу бекеттеріне жылдам және қауіпсіз жүріп жетуіне мүмкіндік беріп, көліктік логистиканы дамыта түседі деп көзделуде.