Тараз жастары – тындырымды тірлік жаршысы

0 237

Облыс орталығы Тараз шаһарында өзге салалармен қатар жастар саясаты да ешқашан назардан тыс қалған емес. Нәтижесінде, жастарға қатысты түйіні тарқатылуға тиіс мәселелер оң шешімін тауып, еліміздің ертеңгі тізгін ұстар жастарын тәрбиелеу мақсатында жасалып жатқан жүйелі жұмыстар да жетерлік.

Өзінің іскерлігімен, тындырымды тірлігімен көзге түсіп жүрген Абзал Есіркепов басқарып келе жатқан Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы бүгінде шаһар жастарының арқасүйеріне айналған.

Орталық директорының айтуынша, 2021 жылдың мамыр айына дейін жастар ресурстық орталығы мемлекеттік жастар саясатын іске асырудағы мүдделі жергілікті атқарушы органдармен, мекемелермен, білім ордаларымен бірлесе 184 іс-шара ұйымдастырып, 6 187 адам қамтыған.

Сондай-ақ, жастардың жұмысқа орналасуы мен жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту үшін жастар орталығы мүдделі жергілікті атқарушы органдармен бірлесе мемлекеттік бағдарламалар бойынша 22 кеңес беру алаңдарын, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері мен семинарлар, мастер-класстарын өткізу мақсатында арнайы жоспар бекітіп, жоспар бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде.

Жастар ресурстық орталығының 2021 жылға арналған жылдық жоспарына сәйкес жастар арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында 4 кездесу, 2 отырыс, 1 акция, 1 кеңес беру алаңы, 2 семинар және 4 түнгі рейдтік жұмыстар ұйымдастырылып, қамтылғандар саны 535 жасты құраған екен.Сонымен қатар қылмыстық жазасын өтеген жастар арасында 1 Ted-X форматындағы кездесу, 2 викториналық ойын, 1 спорттық іс-шара, 1 кездесу ұйымдастырылып, 100-ге жуық жасты қамтыпты.

Бүгінгі таңда мекеме тарапынан 3 волонтерлік ұйым (құрамында 300-ден аса жас) жұмыс жүргізуде. Одан бөлек, қаладағы жоғары оқу орындарында 6 волонтерлық ұйым (230 студент), арнаулы оқу орындарда 21 студенттік волонтерлық топ (702 студент) жұмыс жасайды.

2020 жылдың 12 ай қорытындысы бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 4 016 жас тартылған. Оның ішінде ваканттық бос жұмыс орындарына 1 883 жас, жастар тәжірибесіне 352 жас маман жолданып, оның 326-ы тұрақты жұмысқа орналасты. Әлеуметтік жұмыс орындарына 9 адам, қысқа мерзімді кәсіби оқуға 396 жас, ақылы қоғамдық жұмыстарға 474 жас, техникалық және кәсіптік оқыту курстарына 396 жас азамат, қысқа мерзімді оқудан 137 жас өтіп, оның 122-і тұрақты жұмысқа орналасқан. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 164 адам жолданып, 29 жасқа дейінгі 3 жас кәсіпкер шағын несие, 202 жас мемлекеттік қайтарымсыз грант алыпты (1 адамға 555 600 тг).  (2019 жылдың 12 айы – 3 274 жас).

Жалпы жастар саясаты саласында бұрнағы жылдармен салыстырғанда жұмыста ілгерілеушіліктің бар екендігі аңғарылады. Ең бастысы, алдағы уақытта да бүгінде жолға қойылған жүйелі жұмыстар жалғасын тауып, Тараз жастарының қарымды істерімен қуантып жүре береді деген сенімдеміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.