Шуда кәсіпкерлік көкжиегі кеңеюде

0 49

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан:іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Кәсіпкерлікке қолдау көрсеткенде орта бизнеске де ерекше назар аудару керек. Өйткені нарықта табысты болудың негізгі көрсеткіші орта бизнестің өркендеуімен өлшенеді.  Мұндай компаниялар ішкі нарыққа қана емес, сыртқы нарыққа да бейімделуге тиіс. Олардың экспорттық әлеуетін арттыру үшін қолдауды күшейту керек.

Үкіметке шикізаттық емес орта кәсіпорындарға арналған экспорттық акселерация бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Бұл идеядан нәтижеге дейін мақсатты түрде қолдау көрсету үшін қажет.

Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін, ал жұмыспен қамтылғандардың саны 4 миллион адамға дейін көбеюі керек. Бұл осы саланы дамытуға бағытталған жұмыстардың басты нәтижесі болмақ», деп Үкіметке, жергілікті атқарушы билікке нақты тапсырмалар жүктеген болатын.

Мемлекет басшысының алға қойған ауқымды мақсат-міндеттеріне сай бүгінгі таңда өңір-өңірде нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Әрі мемлекеттік қолдаулар ел тұрғындарының кәсіп бастап, шағын және орта бизнестің көкжиегін кеңейтуіне үлкен мүмкіндік сыйлауда.

Мәселен Шу ауданына қарасты Өндіріс ауылдық округінде ашылған шағын сүт өңдеу цехы бүгінде шалғайда жатқан елді мекеннің еңсе тіктеп, әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосуда. Цех 2019 жылы ашылып, қазіргі таңда қаймақ, айран, сүзбе секілді сүт өнімдерін аудан орталығындағы сауда орындары мен әлеуметтік нысандарға жөнелтуде.

Жеке кәсіпкер Сайра Тлеумаханова цехтан шығатын өнімдерге қажет сүтті қолда бар сауынды сиырлардан жинауда. Тұтынушылардың айтуынша жергілікті кәсіпорын сапалы қызмет көрсетіп, талғамдарынан шығуда.

Кәсіпкер алғашқы сүт өңдеу цехының құрал-жабдықтарын «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасынан тағайындалған грант арқылы сатып алған. Сондай-ақ, Жамбыл облысы «Даму» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығымен 3 жақты келісімшартқа отырған. Қазіргі кезде жеке кәсіпкер Қостанай қаласынан 5,1 миллион теңгеге қосымша цехқа қажетті құрал-жабдықтарға тапсырыс беріп, кәсібін кеңейтуге ниетті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.