12 жасынан бастап зорлаған өгей әкесін өлтірген: Жарты миллионнан астам халық әйелді ақтауды талап етуде
Жарты миллионнан астам француз өгей әкесі әрі күйеуін өлтірген әйелді ақтау туралы петицияға қол қойған. Ер азамат айыпталушыны 25 жыл бойып қорлап, оны жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген.
40 жастағы Валери Бакоға қандай жаза қолданылатыны бір аптадан кейін анықталады. Оның ішімдікке әуес анасының азаматтық некедегі жұбайы — 37 жастағы Даниэль Полетт Валериді 12 жаста болғанда алғашқы рет зорлайды. Полетт бұл әрекеті үшін түрмеге отырады, алайда бостандыққа шыққан соң бұрынғы әдетіне қайта басады. 17 жасында Валери одан жүкті болып қалған. Мұны білген анасы көңілдесі мен қызын үйден қуып шығады. Содан кейін Полетт пен Валери бірге тұра бастайды.
Ер азамат қызды өлтіремін деп қорқытып, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Бұған қоса, ол Валериді әйелдермен төсектес болуға міндеттеп, бұны видеоға түсірген.
Тергеушілер Полетт айыпталушыны бірнеше рет соққыға жығып, оның мұрнын сындырып, басынан балғамен ұрғанын анықтаған.
Валеридің сөзінше, оның күйеуі үйден шығармай, басқаларымен сөйлесуге тыйым салған. Ол Полеттен төрт бала босанған. Балалар әкелерінің қатыгездігін айтып, полицияға бірнеше рет шағымданыпты, алайда тәртіп сақшылары олардың сөзін елемеген.
Бір күн балалардың бірі әкесінің тапсырыспен жасатқан визиттік картасын көріп, анасынан «эскортшы қыз» кім деп сұрайды. Бұған қоса, Полетт 14 жастағы туған қызымен жыныстық қатынас жайлы сөйлесе бастайды. Бұған шыдамаған әйел оны өлтіруге бел буады. 2016 жылы Валери күйеуін тапаншамен шүйдесінен атып өлтіріп, жасы үлкен екі баласының көмегімен оның мүрдесін жасырып қояды. Алайда 2017 жылы қылмыстың беті ашылады. Әйел адам өлтіргенін бірден мойындайды.
«Мен оның бұл ісін тоқтатуым қажет болды. Мен өмір бойы қорқынышпен өмір сүріп келдім», — дейді Валери Бако.
Сөзінше, ол бұл қылмысы үшін жаза арқалауы тиіс. Басқа амалым болмады деген ол балаларының өмірі үшін аландағанын алға таратады. Валери бұл туралы тіпті «Барлығы білді» атты кітап жазып шығарады.
«Ол адам өлтірді, бірақ Валери қылмыскер емес. Ол мұндай қадамға 25 жыл бойы көрген қорлықтан кейін барған. Егер бұған нүкте қойылмаса, оның қызы анасының күнін кешеді деп қорыққан», — дейді Валеридің адвокаты Джанин Бонагунта.
Айта кетсек, Францияда жолдасының қолынан көз жұмған әйелдердің саны бойынша Еуропада көш бастап тұр. Жыл басынан бері мемлекетте мұндай 55 дерек тіркелген.