«Енем мені ұрып, дарға асты»: Алып қашудың құрбаны болған қыз-келіншектер көрген қорлықтары жайлы айтты
Алып қашудың құрбаны болған қыз-келіншектер тұтқында өмір сүрудің азаптары туралы сөз қозғады. Отау құрып, бақытты болмадық деген олар күйеулерінен қалай кетіп қалғанын, қазір қалай өмір сүріп жүргенін айтып берді.
«Үйге бара жатқан жолымды торуылдап, көлікке басып салып алды. Көлікте бірнеше жігіт болды. Менің оларға күшім жетпеді. Содан қайтып келуге қорықтым. Сөз болмасын деп, анамның жүзі жерге қарамасын деп қала бердім. 4 айдан кейін ол менің қасыма тіпті жоламайтын болды. Ұра бастады. Туған күніме ата-анам мен әпкелерім қонаққа келген еді. Алғаш қол көтеруге сол себеп болды. Әпкелерің үйге неге келеді? Келмесін деп ұрды. Енем ұрсып, қуып жібереді. Өз үйіме келемін де бірақ ішімдегі сырымды айта алмайтынмын.
Ағамнан қорқамын. Қайта кетемін. Енем «ит сияқты тағы қайтып келдің бе?!” деп ұрсады. Үндемей жұмысымды істеп жүре беремін. Кейін енем ұратын болды. Өлтірем деп дарға да асты. Жалынып, жалбарынып әрең аман қалдым. Уақыт өте енем қыздарына ұрғызатын болды. Өзі қарап отыратын. Бұл қорлыққа шыдамай, амалсыздан үйге қайтып келгенімде, өз ағама да сыймадым. Ұлым екеумізді ағам ұратын болды. Екі рет инсульт алдым. Сол себепті қазір басқа қалада күн кешуге мәжбүрмін. Мені алып қашқан күйеуіме лағынет айтамын!», – деді Севара Юсупова. Тағы бір келіншек амалсыздан қызын ертіп, үйінен қашып кеткенін айтады.
«Мен күйеуіммен интернет арқылы таныстым. Екі ай сөйлесіп қана жүрдік. Кездеспедік. Себебі ол ауылда тұратын еді. Негізі үйде өз ата-анамның маған деген жаман қарым-қатынасынан қашып кеткім келген. Сол себепті бірінші кездесуде мені алып қашып кеткен адаммен бірге отбасын құруға көне салдым. Ол басында ажырасқандығын айтқан болатын. Бірақ ішімдік ішетінін жасырған екен. Мас кезінде қолына түскен затпен қойып қалатын. Пышақ кезеп, қыстың күні далаға жалаңаш қуып жіберетін. Арақ тауып келмесем, өлтірем деп қорқытатын. Әрең қашып құтылдым. Әйтпегенде ол қызым екеумізді бір күні пышақтап өлтіріп тастауы мүмкін», – деді Тоғжан Шарапбекова.
Ал Гүлім Болатжан сүймеген адамына қосылып, азап шеккенін сөз етті.
“Менің соңымнан небір жігіттер жүгірген еді. Оларға қарамай күйеуіме ұрындым. Мені туған күн деп алдап алып барды. Ол жерде құлдықта жүрдім. Мені шығармады. Дәретханаға бірге баратын. Қақпалары биік болды. Енем мені жетім деп ұрсатын еді. Кейін қайын сіңлілерімнің тілі шыға бастады. Енем мені қыздарына ұрғызатын. “Сені оқытып тастағанмын. Айналып осы үйге қайтып келесің” дейтін еді. Қазір қалай көнгенімді білмеймін. 4 балам бар. Алдым да кеттім. Аш жүрген кезіміз болды. Сонда ешкім іздеп, уайымдаған жоқ. Енді маған балаларымның тағдыры жақсы болғаны керек. Мен секілді алданбаса екен деймін. Мен секілді алып қашудың құрбаны болмаса екен деймін. Егер адам сүйгені болмаса, жаны қаламай тұрса, ешнәрсеге қарамастан кетіп қалуы керек екен. Үлкен кісіні аттап болса да кетіп қалу керек екен. Одан қыздың өмірі құрымайды. Адам өз таңдауымен тұрмыс құру керек”, – деді Гүлім Болатжан.
Көп балалы ана балаларымды асырап жеткіздім дегенде өз денсаулығынан айырыла бастаған. Басында қуықтай баспанасы болса деп армандайды.
«Босаға аттаған», «Есік көрген» деген сөзге қалмайын деп, ата-ананың абыройына нұқсан келмесін, ел-жұрт сөйлемесін деп бейтаныс жанмен өмір сүруге бел буған қыздардың тағдыры осындай. Алып қашудың құрбандарына көбіне ата-ана жылуын көрмеген, жетім, өз үйінен қашып кетуді армандайтын, өзгеден жылу іздейтін қыздар ұшырайды екен.