“Продюсер көкем зорлады” деген жігіттің сөзінен кейін тергеу басталатын болды

0 68

Бұл туралы  ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов мәлім етті.

“Нұрғали Нұғыман бойынша қазір тексерістер жүргізіледі. Алматы қаласы полиция департаменті кеше ғана ақпарат таратты. Іс бойынша тергеу амалдары жүргізіледі. Қазір жәбірленуші шетелде. Келген соң тиісті тергеу амалдары жүргізіледі”, – деді Санжар Әділов.

Еске сала кетейік, “Мені продюсер көкем зорлады” деген жігіттің сөзінен кейін “Balapan” арнасы мәлімдеме жасаған еді. Нұрғали бұған дейін бала кезінде балалар бағдарламасының продюсері тарапынан сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық көргенін айтқан болатын. Ресми хабарламада телеарна 2010 жылы 27 қыркүйекте құрылған сәттен бері Balapan штатында ер адамдар ешқашан продюсер қызметін атқармағаны атап өтеді.

“Әлеуметтік желі қолданушысы кейінгі бейнеүндеуінде өзі сипаттаған оқиғалардың «Balapan» телеарнасында болмағанын, оның атауы ұқсас коммерциялық жобамен байланысты екенін нақтылады. Сондай-ақ ол телеарна ұжымынан кешірім сұрады. «Balapan» телеарнасы азаматтарды тек ресми әрі тексерілген ақпаратқа сенуге шақырады”, – делінген телеарна түсініктемесінде.

Нұрғали Нұғыман шынымен де екінші рет бейнеүндеу жариялап, онда айтылған оқиғалардың мемлекеттік телеарнаға қатысы жоқ екенін, атауы бірдей коммерциялық жобаға байланысты болғанын нақтылаған.

Алайда Нұғыман бала кезінде өзіне қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық болғанын тағы да растады. Ол көкесі актер болуға көмектесе жүріп, бір күні өзіне зорлық жасағанын ашық айтты.

Құзырлы органдар бұл оқиға турасында әзірге ресми түрде пікір білдірген жоқ.

Tizgin.kz 

 Фото: скриншот

Leave A Reply

Your email address will not be published.