“Мұқағали — мәңгілік ғұмыр”
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұйытқы болуымен ағымдағы жылдың 8-15 ақпаны аралығында жалпы республикалық “Парасат жолы” жобасының ашылу салтанаты өтіп, осы жобаның аясында аудандық орталық кітапхананың «Білім орталығында» “Мұқағали – мәңгілік ғұмыр” тақырыбында кеш өтті. 9 ақпанда ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толған еді.
Алдымен “Парасат жолы” жобасы салтанатты түрде таныстырылып, оның үш тірегі “Өзара түсіністік, құрмет пен сенім» екендігі айтылды. Бұдан соң аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов «Парасат жолы»-адалдық, парасаттылық, ізгілік, даналық, әділдік, қамқорлық, қайырымдылық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ мәдениет, әдебиет және руханиятты негізге ала отырып, қоғамда парасаттылық идеологиясын қалыптастыруға бағытталған жоба екендігін айтты. “Поэзия – махаббаттан басталып, парасатпен аяқталуы тиіс”, — деген Мұқағали ақынның өлеңдері ең әуелі адамдарды адалдыққа, мейірімді болуға, өсіп келе жатқан жас ұрпақты Отанды сүюге, туған жерді құрметтеп, ана тілімізді ардақтауға, аға буын өкілдері мен бейбіт күннің қадірін білуге шақыратындығын жеткізді. Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Ермеков, келісім кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Оралов “Парасат жолы” жобасы турасында ойларымен бөлісті. Аталған жоба алдағы уақытта өз жалғасын табатынын сөз етті.
“Мұқағали – мәңгілік ғұмыр“ атты тақырыптық кеште ақын шығармашылығы арқылы патриотизм мен жеке бастың қадір -қасиеті туралы ойлар айтылып, оқырмандар Бақытжан Байкүшіков, Балауса Мазалбаева, Жоламан Жиенбаев ақынның өлеңдерінен сыр шертті. Кітапхананың ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Ғалия Манкеева ақынның өмір жолына тоқталып, кітап көрмесіне қойылған “Таңдамалы шығармалар”, “Аманат”, “Өмірдастан”, “Үш бақытым” атты әдебиеттерге библиографиялық шолу жасады.
Гүлжан Русланқызы,
Байзақ ауданы.