Ресейдің доллардан бас тартуы Қазақстанға қалай әсер етеді: Сарапшылар айтты
Қазақстандық экономистер ресейлік шенеуніктердің доллардан бас тарту туралы ұсынысын қызу талқылауда. Сарапшылардың сөздеріне сүйенсек, бұл жағдайда рубль құлдырап, өзінің соңынан теңгені де әкетуі мүмкін. Ресейдің бұл бастамасы Қазақстанға қалай ықпал етуі мүмкін?
Ресейлік шенеуніктер осымен бірінші рет доллардан бас тарту туралы сөз қозғап отырған жоқ. Әсіресе, АҚШ-пен арадағы қатынас суи бастаған кезде осы тақырып қозғалатын көрінеді. Экономист Арман Байғановтың пікірінше, егер бұл жағдай орын алса, ресейліктерден бөлек, қазақстандықтар да зардап шегуі ғажап емес. Әсіресе, қаржылық жағынан қиындық орнайды.
«Естеріңізде болса, бұған дейін Ресей өзіне Қырымды қосып алған кезде мемлекетке жарияланған санкциялардың салдарынан рубль екі есе құлдырап кеткен еді. Бұл теңгемізге әсер етпей қоймады. Егер Ресей бұл ойларын соңына дейін алып барса, жағдай қайталанып, девальвация болады», — дейді Арман Байғанов.
Бұған себеп — Қазақстанның Ресеймен арасындағы ықпалдастығы, еліміздің Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болуы. Тіпті, РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавров елдерінің сауда үлесі Қазақстан сыртқы нарығында 20%-ды құрайтынын айтқан. Ал егер теңге рубльдің артынан құлдырамаса, онда ресейлік импорт артып кетеді.
«Ресейден бізге келетін импорт еліміздің экспортынан екі есе көп. Егер олардың валютасы төмендеп кетсе, отандық бизнес зардап шегеді. Ресейден арзан тауарлар келіп, Қазақстандағы дүкен сөрелерін басып қалады», — деп қосты сарапшы.
Мамандар Ресей доллардың ағымын жартылай ғана азайтып, бірқатар активтерін басқа да валюталарға ауыстыруы мүмкін. Ал бірақ көрші елдің біржолата АҚШ долларынан бас тартады деген ой миға қонымсыз.
«Түбегейлі доллардан бас тарту деп айтудың өзі қателік. Мұндай жағдайдың орын алуы екіталай. Бұған дейін интернеттен бас тарту деген сөздер айтылды, бірақ іс жүзінде іске аспады. Сондықтан ресейліктердің ұсыныстары ұсыныс ретінде қалары анық», — дейді «Фридом Финанс» АҚ сарапшысы Аңсар Абуев.
Сарапшылар Ресейдің доллардан бас тартамыз деуі — саяси жанжалдың көрінісі екенін айтады. Алайда іс жүзінде оның орындалуы күмән келтіреді.