Сырт елден себепсіз қарыз алған шенеуніктер оңбай жазалануы мүмкін
Мәжілісте сырттан негізсіз қарыз алғаны және оны уақытында игермегені үшін бірінші басшыларды жауапқа тартуды көздейтін заң жобасы талқылануда. Бұл туралы төменгі палатаның төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлімдеді.
Бүгін мәжілісте 2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп тыңдалды. Сұрақ-жауап барысында депутат Артур Платонов Қазақстанның мемлекеттік қарызының көбеюіне алаңдаушылық білдірді.
Айтуынша, 2020 жылы үкімет бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін сырттан тағы қарыз алған. Салдарынан Қазақстанның мемлекттік қарызы әжептәуір өсіп, 20,6 триллион теңгені немесе ЖІӨ-нің 29,4 процентін құрады.
«Жаңа бюджеттік саясат тұжырымдамасында мемлекеттік қарыз ЖІӨ-нің 27 процентінен аспауға тиіс деп көрсетілген. Яғни, біз «қызыл» межеден асып кеттік. Егер осындай қарқынмен қарыз ала берсек, Қазақстанның қаржылық міндеттемелерінің мөлшері таяуда ұлттық қордың активтерінен асып жығылады. Осыған байланысты бюджет тапшылығын азайту үшін және шикізаттық емес кірістердің жаңа көздерін іздеу бойынша қандай жұмыс жүргізіліп жатыр деген сауал туындайды», – деді ол.
Қаржы минисрі Ерұлан Жамаубаевтың дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландыру үшін бюджет тапшылығы ұлғайтылғанын атап өтті.
«Мұндай жағдаймен көптеген мемлекет бетпе-бет келді, соның ішінде дамыған елдер де бар. Бірақ соған қарамастан біз алдымызға бюджет тапшылығы мен сырттан қарыз алуды қысқарту міндетін қойып отырмыз. Бұл үшін бізге бюджеттің кіріс бөлігін арттыру қажет болады. Ол үшін кешенді шаралар қабылданған: көлеңкелі экономиканы азайту, бүкіл кедендік процедураны цифрландыру», – деп санамалады министр.
Алайда мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин Жамаубаевтың жауабына қанағаттанбады. Ол министрден жалпылама сөздермен емес, нақты жауап беруін өтінді.
Жамаубаев бюджеттің кіріс бөлігін арттыру үшін ұлттық жобалар әзірленіп жатқанын тілге тиек етті.
Осы кезде Нығматулин министрдің сөзін тағы бөлді.
«Мұның бәрі жалпылама жауап екенін сезіп отырған шығарсыз. Сізде А, В жоспары болуы керек. Сіз үкімет мүшелерін жинап: «Әріптестер, ұлттық қорға үнемі алақан жайып, әркез сырттан қарыз ала алмаймыз, біз қашан шынайы жұмыс істейміз» деп мәселені төтесінен қоюыңыз керек. Елдің бас қаржыгері болғандықтан бұл мәселені сіз шешпесеңіз, әріптестеріңіз ақша сұрауды жалғастыра береді», – деді ол.
Ол кез келген елдің экономикасы үшін сырттан қарыз алу қажетті шара екенін атап өтті. Алайда жаңа қарыз алар алдында бұрын алынған берешекті жұмсауда тәртіп орнатқан жөн, деді Нығматулин.
Мәжіліс спикері бүгінгі күнге дейін тартылған қарызды игеру жағдайына тоқталды.
«Мысалы, 2017 жылы білім министрлігі орта білімді жаңғырту жобасын жүзеге асыру үшін Дүниежүзілік банкпен 67 миллион АҚШ долларына келісімшарт бекіткен. 2020 жылы дәл осы министрлік қарыздың бір бөлігін, шамамен 50 миллион доллардың күшін жоюға бастамашы болды. Сұрақ: осыншама қарыз неге алынды онда? Біз бірінші күннен бастап сол қарызға қызмет көрсетуге мемлекеттен ақша жұмсадық қой. Бұл сұрақ қазіргі білім министріне қойылып отырған жоқ. Ол (Асхат Аймағамбетов) керісінше қарыз сомасын қысқартып, аталған жобаны 17,5 миллион долларға жүзеге асырды», – деді Нығматулин.
Спикер мұндай картина көптеген министрлікте байқалатанын айтты. Министрлер өз қалауына қарай сырттан қарыз алуға жүгірмеуі керек, деп санайды төраға.
«Қазір бізде заң жобасы талқыланып жатыр. Онда сырттан негізсіз қарыз алғаны және оны уақытында игермегені үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын жауапқа тартуды көздейтін норма бар. Жақын арада біз оны қабылдаймыз. Егер басқа да заңнамалық тетіктер қажет болса, жұмыс тобына енгізіңіздер, біз қолдаймыз. Мүмкін, бірінші басшыларды қылмыстық жазаға дейін тарту бастамасын көтеретін шығарсыздар. Мұны да қолдаймыз», – деді Нығматулин үкімет мүшелеріне қарата.
Мәжіліс спикері мемлекет әр алған тиынына жауап беретінін, сол себепті қарызды оңды-солды алуға болмайтынын қадап айтты.