Суицид жасаған оқушы қыз анасына аянышты соңғы хатын қалдырған
Түркістан облысында 15 жастағы оқушы қыз мектептегі емтиханнан кейін өзіне қол салды. Қайғылы жағдай 2 маусымда Ордабасы ауданындағы Көкарал елді-мекенінде болған. Қара жамылған отбасы бұған мектеп директорын кінәлайды. Бұл туралы “Адырна” ұлттық порталы Астана телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
М.Жұмабаев атындағы жалпы орта мектептің директоры Айсара Стаева AstanaTV тілшілеріне берген сұхбатында ешкімге қысым жасамағанын айтқан, деп жазады Аzattyq-ruhy.kz порталы.
«Төраға ретінде маған орын берді, мен сол орында отырдым. Баланың төбесінен қарап, қасына барып ештеңе істеген жоқпын. Қысым? Қысым жасаған жоқпын», — дейді М.Жұмабаев атындағы жалпы орта мектептің директоры Айсара Стаева.
Қазір мектепте тергеушілерден бөлек арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Мән-жайды солар анықтамақ.
«Шығарған есептерінің бәрін біз қарап жатырмыз. Зерделеу жүріп жатыр. Қортындысын, нәтижесін біткеннен кейін айтамыз әрине. Бізбен бірге қазір тергеу орындары да қазір жұмыс жүргізіп жатыр», — дейді Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының бөлім басшысы, комиссия өкілі Әлібек Кенжебаев.
Полиция бұл жағдайға қатысты «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Ал, марқұмның анасы Айман Қанайқызы қызы телефонына хат жазып қалдырғанын айтты.
«Телефонында «Мама! Кешіріңізші! Сіздің үмітіңізді ақтай алмадым. Сіздің атыңызға жақсы ат келтіре алмадым» деген сообщениесі тұр екен. Оны жібермеген», — дейді марқұмның анасы.