«Ұйғырларға қарағанда қазақтар жақсы көреді»: Халық әртісі Мұрат Ахмадиев отбасы, ұлтаралық араздықтар және Қытайдағы қысым туралы

0 109

ҚР парламенті мәжілісінің 4-ші және 5-ші шақырылымының депутаты, Халық әртісі Мұрат Ахмадиев қазір Алматыдағы «Ұйғыр музыкалық комедия театрының» бас директоры. Көпшілікке танымал әнші Дильназ Ахмадиеваның әкесі ретінде таныс. Өзін «бақытты ұйғырмын» деп атайтын оның қазақ халқына ықыласы мен көзқарасы  бөлек. Қазақстанға қоныс аударған соң 3 жыл Шәкен Аймановтың үйінде тұрып, «баласы» болғанын айтады. Билікте де, өнерде де жолы болған Мұрат Ахмадиев сұхбат беріп, талантты ұл-қыздарды тәрбиелеудің әдіс-тәсілімен бөлісті.

— Қытайдан елге көшкенде 11 жаста едіңіз. Қытайдағы өміріңіз туралы естеліктер бар ма? Мұнда ата-анаңыздың қоныс аударуына не себеп болды?

— Біз отбасыда төрт баламыз. Бәріміз Қытайдағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданыныда туғанбыз. Әкем Әндіжанда туған, анам болса, қазіргі Жаркент ауданынан шыққан. Екеуі де қазақ жерінде туған. Бірақ атам сауда жасап жүріп, Қашқарға барған. Сол жерде ол қайтыс болып, әкемдер алып қойған. Анамның ағасы 1936 жылы репрессия кезінде бригадир болып, ұстаймыз дегенде анам отбасымен Құлжаға қашқан. Әкем де, шешем де өнер адамдары болған. Екеуі бір ансамбльде өнер көрсетіп жүріп танысқан, отбасын құрған.

Әкемнің құжаты мүлдем болмаған. Анамның паспорты — Кеңес үкіметінікі. Соның арқасында біз төртеумізде Кеңестік туу туралы куәлік алдық. Әкем ғана Қытай азаматы, ал біз — КСРО азаматымыз. Содан кейін уақыты келіп, Қытайдан кетейік дегенде туысқандардың бәрі осы Қазақстанға барайық деп шешім қабылдады. 1961 жылы Қытайдан шығып, елге оралдық, туыстарымыз Жаркентте күтіп алды. Қытайдан кетерде қайда барамыз деп отбасымызбен кеңескенде әкем «Қазақстаннан басқа ешқайда бармаймыз. Неге десең, Қазақстан бізге ең жақын жер, қазақтар ұйғырларға жақын халық, олар кең халық, солардың арасында тұрамыз» деп кесіп айтты. Осында келіп, еңбек етіп, үй алдық, мектепті бітірдік, студент болып оқыдық осылай өміріміз өтіп жатыр.

Шекарада ешқандай мәселе болған жоқ. Себебі біз заңды түрде кеттік. Барлық рұқсат қағазы бар. Біз рұқсатпен келдік, ал бізден кейінгілер қашып келді.

— Қазақ тілін қалай меңгердіңіз?

— Біз — бір халықпыз! Бәріміз түркі халқымыз, Түрік қағанатынан шыққанбыз. Сол үшін қазір өзбекпен өзбекше, қызрғыздарға қызғызша, қазақтар келсе, қазақша сөйлейміз. Бізде түріктің қаны бар. Сондықтан сен кімсің десе, қазақпын деймін, кімсің десе, татармын деймін. Неге? Өйткені біз бір халықпыз. Атаны ата дейміз, ананы ана дейміз, нанды нан дейміз. Одан басқа қандай жақындық керек.

Қазақ тілін үйренуіміз керек деп, арнайы мектеп бітіргенім жоқ. Қол астымдағы қызметкерлер де кез келген түркі халықтарының тілінде сөйлейді. Олар қазақ тілді мектепті, институтты бітірді. Біздің театрда міндетті түрде бір қойылым қазақ тілінде болады. Кез келген жерде қазақша спектакль ұйымдастырамыз. Кәріс, неміс ұлттарында қазақ тілімен мәселе болуы мүмкін. Оларға қазақ тілін үйрену қиын, ал бізде бұл тұрғыдан ешқандай мәселе жоқ.

Осыдан біраз бұрын бір сұхбатта «сізді ұйғырлар жақсы көреді ме, әлде қазақтар ма» деген сұрақ қойды. «Мені көбірек қазақтар жақсы көреді» деп жауап бердім. Соны көрген ұйғырлар маған өкпелеп, бір ай сөйлеспей қойды (күліп- ред.). Ол рас, мені қазақтар өз адамдарындай сыйлайды. Ал сендер кейде маған жаман сөйлеп, көңілімді қалдырасыңдар деп оларға түсіндірдім. Бір айдан кейін татуласып кеттік.

Шынымен де қазақтар мені жақсы көреді. Өйткені мен барлық ұлтқа жақын адаммын.

— Қазақ тілін билік халыққа үйрете алмай келеді. Бұл — отыз жыл өтсе де біздің елдің әлі осал тұстарының бірі. Халық қайтсе үйренеді?

— Қазақ тілі бірінші орынға шығып, халық толық меңгеруі үшін уақыт керек. Бұрын жағдай, тіпті жаман еді. Тәуелсіздік алмай тұрып екі-үш адам жиналып қазақша сөйлессе, неге орысша сөйлемейсің деп сөгетін, қазақ тілді мектептер аз болатын. Ал қазіргі таңда керісінше, неге қазақша сөйлемейсің деп ескертеміз. Дегенмен тілді үйрету отбасынан басталу керек. Үйдегі тәрбие мен ата-ана қадағалауы мықты болуы керек. Менің екі балам да қазақшаға судай, екеуі де қазақ тілді балабақшаға, мектепке барды. Отбасыда әке-шешесі қандай тілде сөйлесе, балалары да сондай тілде сөйлейді.

Ахмадиев— Елге келгеннен кейін Шәкен Аймановтың үйінде 3-4 жыл тұрыпсыз …

— Шәкен Аймановтың үйінде тұруым — үлкен тарих. 14 жасымда жарты сағаттық концерт бергенмін. Осыдан кейін шамалы таныла бастадым. Кинода қысқаша эпизодта ойнадым. Сол фильмді көрген Шәкен Аймановқа мен ұнап қалыппын. Жақсы ойнайды екен деп, «Атамекен» деген фильмде рөл берді. Фильм түсіріліп біткен соң, сол кісінің қасында көп жүрдім. Түрлі фестивальдарға бардық. «Тақиялы періште» фильмінде кішігірім эпизодта ойнадым. Содан кейін Шәкен аға екеуміз дос боп кеттік.

Бір күні Шәкен аға біздің үйге келіп, әкеме «Сізде төрт бала екен, Мұратты маған беріңіз, менімен бірге тұрсын. Мұраттан мықты режиссер шығарамын. Ол кейін өз ұлты туралы бір-екі фильм түсіреді» деп айтқанда әкем қарсы болмады. Содан Шәкен ағаның үйінде үш жыл тұрдым. Қайтыс болмағанда тұра беруші едім. Былайша айтқанда баласы сияқты болдым.

Шәкен ағамдай адамды өмірімде көрмедім. Ол кез келген адамға мейлі кіші болсын, үлкен болсын, басқа ұлт өкілі болсын бірдей сөйлейді. Ешкімді бөліп жарып, алаламайды. Сосын ол ешқашан жалғыз тамақ ішпейді. Түскі ас болса, он адамды алып барады да ақшасын өзі төлейді. Ақшаны аямайды. Өз қалтасында ақша қалмай қалса да, ақша жинаған адам емес. Қолындағы барын халыққа береді.

Үйінен қонақ үзілмейді. Сонда тұрып, барлық Қазақстан, ТМД елдерің танымал адамдарымен таныстым. Шәкен ағаның үйінде өткен үш жыл — менің өмірімідегі ең қызықты кезеңдер.

— Жоғарыда «Тақиялы періште» фильімінде рөл сомдадым деп қалдыңыз.                                Толығырақ айтсаңыз …

— «Атамекен», «Тақиялы періште» фильмдерінде өте мықты кісілермен, танымал әртістермен жұмыс жасадым. Ол кезде небәрі 15-16 жастағы жеткіншекпін. Бірақ Әмина Өмірзақова, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Шәкен Айманов сынды ірі тұлғалармен жұмыс істеу — мен үшін үлкен бақыт. Сол кісілердің әсері қазір маған көмектесіп жатыр. Бүтін бір театрдың ұжымын басқарып жүрмін. Мұның бәрі сол жас кезімде көрген танымал ірі тұлғалардың ықпалы.

— Соңғы жылдары Қазақстан халық Ассамблеясының қажеттілігіне күмән келтіріп, ұйымның жабылғанын қалайтындар көбейіп кетті. Басқа бір де бір елде мұндай ұйым жоғын алға тартып, Ассамблея қазақ еліне де керегі шамалы деп жүргендер көп. Осыған сіз не дейсіз?

— Елімізде 130 дан астам ұлт өкілдері тұрады. Әр ұлттың өзінің мәселесі бар. Тұрмыстық проблемаларын айтып отырмын. Оны кім шешеді? Ассамблеяда арнайы ұлттық институт құрылды. Құрамындағы депутаттар әр ұлттың тұрмыстық мәселесін шешеді.

Бірақ Ассамблеяда жасалып жатқан жұмыстар көзге ілінбейді. Сол үшін де Ассамблея сырт көзге құр қарап отырғандай болып көрінеді. Ол жерде күнде өзге ұлт өкілі келіп өз мәселесін айтады. Ассамблея керек емес деп жүргендерге бір ғана айтарым:  Ассамблеяның саған қандай зияны бар? Әлде Ассамблея болып сенің тұрмысың нашарлап қалды ма? Жалақыңды бермей қойды ма? Сіз істің анық-қанығын түсінбей айтып жатырсыз дер едім.

— Соңғы жылдары ұлтаралық кикілжіңдер көбейіп кетті. Сіздің ойыңызша мұның астары неде? 

— Соңғы жылдарда ұлтаралық араздықтардың неге жиілеп кеткенін түсіндім. Мәселе ұлтта, адамда емес, экономикада. Жанжалдың бәрі осы жұмысқа, табысқа таластан туады. Неге аналар бізден көп табыс тауып жатыр деген ішкі қызғаныштан түсінбеушіліктер мен араздықтар көбейді. Ал осындай қызғанышқа сыртқы арандатушылар әсер етеді. Екі ұлттың достығын немесе бірінің тауып отырған табысын көре алмай араздастыру арқылы өзі пайда тапқысы келетіндер көбейген.

Бір-бірін ұрып, сабап, үйлерін өртеп шығынға батады. Бәрі біткен соң өздері түрмеге жабылып, қирап қалады. Сонда қырғын ұйымдастырып қандай пайда табады? Ешқандай.

Осындай жағдайды болдырмас үшін бәріміз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруымыз керек. Бірлік бар жерде тірлік бар. Сондықтан бізге ыдырауға, іштей бөлінуге болмайды.

Ахмадиев— Қытайдағы ұйғыр ұлтына деген қысым туралы ойыңыз … 

— Мен Қытайдағы ұйғырлардың жағдайы туралы көп айтпаймын. Бір айтарым, бұл трагедия басталғанына бір жыл емес, он жыл емес, жүз жыл емес, сан ғасырдан бері жалғасып келе жатыр. Қытай қорқады. Қол астындағы ұйғырлар бас көтеріп кетеді деп сескенеді. Оның үстіне батыс елдері мен Америка қайта-қайта санкция жариялап, Қытайды қысып жатқанымен, әлі күнге дейін ұйғырларға жасап жатқан геноцидін мойындамай келе жатыр. Сондықтан айтарым жоқ. Мұның немен бітетінін де болжап білу мүмкін емес.

— Сіздің қызыңыз Дильназ үнемі сізге деген махаббатын білдіріп, ең керемет әке деп атайды. Балаларыңызды қалай тәрбиеледіңіз? Ең үздік әке атану үшін не істеу керек?

— Бұрын Мұрат Ахмадиевтің қызы деп таныса, қазір Дильназ Ахмадиевтің әкесі ретінде танып жатады. Бұған ренжімеймін, солай болуы да керек. Кезінде балаларым үшін еңбек етсем, енді балаларымның абыройы мен үшін еңбек етіп жатқанына қуаныштымын.

Мен оларға ешнәрсе үйреткен жоқпын, яғни қалай өмір сүру керегін айтқаным жоқ.  Былай істе, олай істеме деп айтпадым. Оларға еркіндік бердім. Және өзімнің жұмысыммен, өзімнің өміріммен, ұстанған көзқарасыммен үлгі болдым деуге болады. Олар маған, менің жұмысыма, менің қандай адам екеніме қарап, жақсы жақтарымды өздеріне сіңірді.

— Алғашқы отбасыңыздан ажырап, кейін екінші рет шаңырақ көтердіңіз. Балаларыңыз бір-бірімен араласып тұра ма?

— Бірінші отбасымнан Дильназ, Дильшат деген екі балам бар. Кейінгі отбасымда екі ұл, бір қыз өсіріп отырмын. Балаларым бір-бірімен өте жақын, тату араласып тұрады. Екі отбасым да бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста. Ешкім-ешкіммен жау емес. Бірінші отбасыммен де ешқандай соғыссыз, араздасусыз, бейбіт келісіммен, түсінісіп тарағанбыз.

— Осы елде қалыптастыңыз, билікте де болдыңыз, өнерде де жолыңыз болды. Қазақстанға разы шығарсыз?

— Қазақстанға дән ризамын. Осы жерде менің ең балғын, ең бақытты шақтарым өтті. Кейде «мен бақытты ұйғырмын» деп қалжыңдайтыным бар. Шынымен де, Қазақстан — кең құшақты, қонақжай, бауырмал ел. Халқым — мейірімді. Сол үшін бақыттымын.

stan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.