Спорт саңлақтарын сыйлай білген Сарысу

0 497

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарда топ жарып,аудан мерейін үстем етіп жүрген бір топ спортшыларға Сарысу ауданы әкімдігі тарапынан үлкен сый-құрмет көрсетілді.

Іс-шара спортшылардың құрметіне арналған автошерумен басталып, жеңімпаздарды Жаңатас қаласының басты көшелерімен жүріп өтті. Әлемдік ареналарда топ жарған сарысулықтарды әкімдік ғимараты алдында аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев бастағанөңір басшылары аса орасан зор ілтипатпен күтіп алды.

Одан әрмен аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында спортшылардың сыбырынан, медальдардың сыңғыр үні басым шыққан жиын болды. Іс-шараға бөлім басшылары,ауылдық округ әкімдері мен спорт жанашырлары және ардагерлер қатысты.

Салтанатты шарада аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев облыстық, республикалық және халықаралық турнирлерде топ жарған 23 спортшыға және олардың жаттықтырушысына Алғыс хат пен қаржылай сый-сияпаттар табыстады.

–Біздің аудан спортшылары байрақты бәсекелерде табандылық танытып, биік белестерді бағындыруда. Қуантарлығы сол, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген жас спортшыларымыздың қатары жыл санап көбейіп келеді.Тек биылдың өзінде аудан спортшылары халықарылық және республикалық біріншіліктерде 67 медальға қол жеткізді.Бұл спортшылардың үлкен табысы еліміздің спорт шежіресінде орын алары анық.Әрине, осы ретте жаттықтырушылардың да еңбегін ерекше атап өткеніміз жөн.Бұл жетістіктер одан әрі еселенуі тиіс. Әлемдік, халықаралық, республикалық турнирлердегі жеңіске деген жігерлеріңіз арта берсін! – деді аудан басшысы, спорт жанашыры Марат Қырғызәліұлы жас өрендерді құттықтау сөзінде.

Жиын соңында сөз алған грек-рим күресінен «КСРО спорт шебері» Серік Ниязов пен ардагер Қалмырза Жандарбек және жас спортшыларға жанашырлық танытып, қашан да қолдау танытуға әзір тұратын аудан әкімдігіне өз алғыстарын білдірді. Сондай-ақ, 24-27 қараша күндері Өзбекстанда жасөспірімдер арасында өткен халықаралық белбеу күресінен әлем чемпионы атанған Асылжан Орынбасарова тиісті қамқорлық танытқан аудан басшысы Марат Қырғызәліұлына және барша сарысулықтарға ризашылығын жеткізді.

Сонымен қатар, қоғам белсендісі Самат Жанқожаев спорт саласында қырық жыл табан аудармай қызмет атқарып, талай чемпионды жаттықтырған спорт ардагері Низами Алиевке «Аманат» қоры атынан қаржылай сыйлық табыстады.

Айта кетейік, Сарысу ауданында балалар және жасөспірімдерге арналған 5 спорт мектебі бар.2021 жылдың 11 айы аралығында барлық спорт түрінен халықаралық, республиклық және облыстық бәсекелерде Сарысу ауданы құрама командасы 286 алтын, күміс және қола медельдарына қол жеткізген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.