«Есік қаққан сайын қорқамыз»: Қарағанды облысында тұрғындардың өздері жөндеп алған үйлерін шенеуніктер тартып алмақшы

0 244

Қарағанды облысы Абай ауданының қырыққа жуық отбасын әкімдік үйлерінен қуып жатырЖұрт иесіз қалған тұрғын үйді өз күштерімен жөндеуден өткізіп, қоныстанған. Айтуларынша, ауданның қайтыс болған бұрынғы әкімі үйге кіруге рұқсатын беріпті. Ал жаңадан келген шенеуніктер қаңырап бос қалған үйлерді қалпына келтіріп, ешкімге алақан жаймай өз-өздерін баспанамен қамтығаны үшін тұрғындарға алғыс айтқанның орнына пәтерлерді босатуды талап етіп жатқан көрінеді. Тұрғындарды әкімдік сотқа да берген екен.

Амалы қалмаған тұрғындар енді үйдің алдына шатыр тігіп тұратындарын айтады. Қырыққа жуық отбасы дәл осындай иесіз қалған үйді әкімдіктен рұқсат алып, өз қаржыларына толығымен жөндеуден өткізіп, қоныстанған. Тіпті миллиондаған қаржыға несие алып үйдің іші — сыртын әктеп, құбырларын өздері жүргізіп алған. Тұрғындар осыдан сегіз жыл бұрын қайтыс болған аудан әкімі Еркебұлан Нашаровтан көзі тірісінде үйге қоныстануға рұқсат сұрағандарын айтады. Бірақ ол кезде құжаттарды рәсімдемеген. Айтуларынша, әкім үйді толығымен жөндеуден өткізіп болған соң құжаттарды реттеп береміз деген. Алайда айтқанын орындатуға үлгермеген екен.

“Марқұм Нашаров деген әкім осы иесіз қалған үйді бізге берген. Ол кісі бізге үйді жөндеуден өткізіп кіре беріңіздер, жөндеп болған соң құжаттарын рәсімдеуге көмектесем деген. Енді әкімдік дайын асқа тік қасық болып, үйді алып алғылары келеді”, – Абай ауданының тұрғыны Владимир Кудряшов.


 


2017 жылы үйді босатуды талап еткен әкімдік өкілдері тұрғындарды сотқа бермек болған, алайда құзырлы органдар араласқан соң іс тоқтатылған екен. Тұрғындар содан бері есік қағылса қорқатын жағдайға жеттік дейді.

“Шыны керек біз күнде қорқамыз, қай күні келіп бізді мына үйден шығарып, лақтырып жібереді деп. Естіп жатырмыз ана жерден шығарып тастады он жыл бойы тұрып жатқандарды, мына жерден шығарып тастады деп. Тіпті есік қаққан сайын қорқамыз”, – дейді Абай ауданының тұрғыны Меруерт Омарова.

“Абай бойынша елу пәтерден биыл тұрғындарды шығарып жіберді. Құжаты жоқ. Тоғыз жыл, он жыл тұрып, үйді толығымен жөндеуден өткізіп тастаған адамдардың бәрін осы биыл баспаналарынан шығармақшы олар. Егер де бізді шығарсаңыздар біз есіктің алдында шатыр құрып, сол жерде тұрамыз. Бізде басқа тұратын жер жоқ”, – дейді Абай ауданының тұрғыны Қайрат Қыпшақов.

Ал Абай аудандық әкімдігіндегілер тұрғындар бұл үйлерде заңсыз тұрып жатыр дейді. Және адамдардың өз күштерімен жөндеген үйді кезекте тұрған жандарға беруді қарастырып отырғандарын айтады.

“Бұл кісілер бұл үйге заңсыз кірген, әкімдік бұл кісілерге рұқсат берген жоқ. Біз заңды түрде істейміз. Кезекте тұрмаған адамға біз үй бере алмаймыз. Оны қалай алды білмеймін. Біз сотқа жүгіндік. Соттың шешімі шығарып жатса, сосын қарастырамыз қайда баратындарын. Қазір мемлекетте ауыз ашып қарап тұрудың мәнісі жоқ”, – дейді Абай ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Мағазин.

Ал сот тұрғындар үйді босату керек деген шешім шығарған жағдайда әкімдік олардың қайда баратынын әзірге қарастырмапты. Бірақ тұрғындар есік алдында күрке құрып тұруға бекінген. Диана Сапарқызы, Аман Қожанов

STAN.KZ

Leave A Reply

Your email address will not be published.