Көрші елге көмек

0 685

Қырғызстанға 25 мың доза отандық «QazVac» вакцинасы жөнелтілді. Сәрсенбі күні Гвардейский қалашығында орналасқан Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институтынан 25 мың доза отандық «QazVac» (QazCovid-in) вакцинасы көршілес Қырғыз еліне жөнелтілді. Естеріңізде болса, бұға дейін көршілес мемлекетке қазақстандық вакцинаның 50 мың дозасы жіберілмек болған. Алайда, премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов екпенің өндіріс көлемі айына 600 мың дозаға жетпейінше, шет мемлекетке тасымалданбайтынын айтқан болатын. Бірақ, қос тарап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан президенті Садыр Жапаров келіссөздер жүргізіп,  осындай оң нәтижеге қол жеткізді.

QazVac вакцинасы бұл күнде елімізде ғана емес, бірқатар мемлекеттерде де сұранысқа ие болып отырған отандық сапалы өнім. Жаһанды шарпыған коронавирус індетіне қарсы вакцина ең бірінші адам өмірін арашалап қалудың төте әрі тиімді жолы болып отыр. «QazVac вакцинасы Білім және ғылыми министрлігі қаржыландырған ғылыми-техникалық бағдарлама аясында әзірленіп, өндірілген. Отандық вакцинаның әзірлену технологиясы біздің ғалымдардың аса қажырлылықпен еңбек етуі және озық ғылыми тәжірибелерін қолдану арқылы жүзеге асырылды.

Екпені жіберерде аталмыш институттың басшысы Күнсұлу Закарья және вакцинаны зерттеп, өндіруге атсалысқан ғалымдар жиналып, «QazVac»-тың артықшылықтары және оның құрамы жайында кеңінен баяндап берді. Отандық екпенің артықшылықтарына тоқтала кетсек,  вакцина құрамындағы ақуыздардың жиынтығынан тұратын толық вирионды инактивтелген SARS-CoV-2 вирусына қарсы жоғары антиденелік жауап пен тұрақты иммунитеттің қалыптасуын қамтамасыз етеді. Бұл дегеніміз, жоғары қауіпсіздік және төмен реактогенділік. Екпе 3 фазалық сынақтан өтті. Зерттеу кезінде вакцина 90 пайыздық тиімділікті көрсетті және де қауіпті індеттің ауыр формаларына да төтеп бере алатынын дәлелдеді. QazVac екпесі 21 күн аралығында екі этапта салынады. Вакцинаны18 жастан жоғары азаматтарға егу ұсынылған.

Арнайы вакцинаны ойлап тапқан мамандар, Қырғыз еліне барып, алғашқы егу жұмыстарына қатысатын болады. Онда олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, отандық вакцина жайында өз жұмыстарын таныстырмақ. Сондай-ақ

ғалымдар  Бішкекте арнайы жиын өткізіп, екпені қалай егу және қалай сақтау керектігі жөнінде мәлімдеме жасамақ.

Сонымен 25 мың доза екпе салынған қораптар арнайы жабдықталған жүк көлігіне тиеліп, Қордай ауылына қарай бет алды. Көлікті «Қордай» – «Ақжол» өткізу пунктінде аудан әкімі Рүстем Дәулет қарсы алып, сәттілік тілеп, шығарып салды. Ал гуманитарлық көмекті «Ақжол» өткізу пунктінде Қызғызстанның Денсаулық сақтау министрі Алымкадыр Бейшеналиев пен ҚР Қырғызстандағы елшісі Рапил Жошыбаев қабылдап алды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.