Футбол алаңшасы ашылды

0 344

Талас ауданы, Берікқара ауылдық округі, Майтөбе ауылында футбол алаңшасы ашылды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында 18 млн. теңгеге салынған футбол алаңшасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына тарту етіліп отыр. Аймақтағы бұқаралық спортты дамытуға үлес қосып, ауыл жастары үшін жағдай жасап, осы алаңды салуға күш салған кәсіпкер Еркінбек Қуатбековтің ерен еңбегі ел мерейін үстем етуде.

Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз ел халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасауда. Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Берікқара ауылдық округіндем де бұл сала кенжелеп қалған жоқ. Бүгінгі таңда ауыл тұрғындарының 32,5%-ы, яғни 740 адам спортпен шұғылданады.

Соның ішінде 14 жасқа дейін 157, 14-29 жас аралығында 270, 29 жастан жоғары 313 азамат сан салалы спорт түрлерімен шұғылданады. Ауыл жастары бос уақыттарын футбол және бокс үйірмелерінде өткізеді. Қос үйірмеге жалпы саны 64 бала қатысады. Аядай ғана ауыл үшін бұл үлкен жетістік. Сол себепті, келешекте дүбірлі додаларда топ жаратын ұландарымыз үшін қазірден бастап жағдай жасалып жатыр. Бұған дәлел ретінде ауданымыздың әр түкпірінде көптеп салынып жатқан спорт нысандарын, күнделікті өмірде халықтың саламатты өмір салтына ден қойып отырғанын айтуға болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.