Дүнген балалары – «Ұлттық ұлан» сапында

0 63

Қордай оқиғасы талай түйінді түйткілдердің бетін ашқаны жасырын емес. Әсіресе дүнген ұлтты азаматтардың Отан алдындағы әскери борышын өтемейтіндігі көпшіліктің шағымы мен түсінбеушілігін тудырғаны рас. Осыған орай былтыр бұл бағыттағы жұмыстар мықтап қолға алынып, нәтижесінде 2019 жылы 27 дүнген әскерге аттанса, 2020 жылы олардың саны 38-ге жетіп, 30 пайызға артты. Осы ретте еліміздің әскери бөлімдерінде сап түзеген дүнген ұлтты сарбаздарға іздеу салып, жай-күйлерін білген едік.

Қордай ауданы Сортөбе ауылының тұрғыны Фатик Харсанның ұлы Алим Харсан әскерге өткен жылы аттанған. Әкесі баласының Отан алдындағы борышын өтеуге ерікті түрде барғанын айтады.
– Ұлым 1999 жылы дүниеге келген. Әскерге ерікті түрде аттанды. Қордай қақтығысына дейін де балам әскерге баратындығын айтып жүрген. Мектеп бітіргеннен кейін арнаулы орта оқу орнында оқып, одан кейін Қытай мемлекетінде де тіл үйреніп келді.
Ауылға қайта оралғаннан кейін жанұямызбен келісе отырып әскерге жібердік. Үш ұлым бар. Солардың арасында бірінші болып Алимім әскерге барып отыр. Қазір Петропавл қаласындағы «Ұлттық ұлан» сарбаздарының қатарында. Алим бүгінде отбасымның мақтанышы. Біздің кезімізде дүнгендерді әскерге алмады. Егер алғанда мен де міндетті түрде Отан алдындағы борышымды өтер едім, – дейді Фатик.

Ал Алимнің өзі әскердегі жағдайы жақсы екенін айтады.
– «Ұлттық ұланда» азаматтық борышымды өтеудемін. Көптеген достар тауып жатырмын. Бұрын қазақ тіліне шорқақтау болсам, қазір қазақ достарымнан көп нәрсені үйренудемін. Әскердегі мерзімім аяқталғаннан кейін туған елім, Қазақстан үшін қызмет еткім келеді,– дейді Алим.
Ал Леджер Сыровтың ұлы Мохаммед Сыров Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтеуде.
– Ұлым Шахтинск қаласындағы «Ұлттық ұлан» қатарына былтыр қосылды. 3 айдан кейін әскери мерзімі бітеді. Бірақ ұлыма сонда қалып, келісімшарт бойынша әскери қызметін жалғастыруды айтып жатырмын. Себебі баламмен күнделікті сөйлесіп, ондағы жағдай мен әскери тәртіпке көңілім толып отыр.
Мохаммедтен бөлек ауылдың тағы 5 баласы аталған әскери бөлімде борышын өтеуде. Барлығы да жағдайларының жақсы екенін айтады. Әттең, Мохаммедім үш ұлымның ішіндегі кенжесі болып тұр. Әйтпесе барлық балаларымды әскерге жіберер едім, – дейді Леджер Сыров.
Мохаммедтің өзі әскери бөлімде барлық жағдай жасалғанын, ешқандай қысым көрмегенін айтады.
Жалпы Қордай ауданындағы ауылдардан әскерге аттанған 50-ден аса дүнген ұлтты азаматтардың жағдайы жақсы екенін ата-аналары айтып отыр. Әрине, бұл жанға жылу береді. Бірі Петропавлда, бірі Қарағанды облысында жүрген Алим мен Мохаммедтің қазақ және өзге де ұлтты сарбаздармен бірге түскен суреттерін көріп, мұнда әскери тәртіп пен бірліктің салтанат құрғанына көзіміз жетті. Лайым, осынау татулығымызға сызат түспесін деп тілейміз!

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.