Баспасөзіміздің батыр Бауыржаны еді

0 87

«Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де» деген ақын сөзін Шерағаңа да айтуға болады. Әрине қазақ барда Шерхандар туар, бірақ олар Шерхан Мұртаза болмайды. Баспасөзіміздің бірнеше буынын тәрбиелеп өсірген тұлғаны «редакторлардың редакторы» деп бекер атаған жоқ. Бұл кісінің ғажаптығы — өзінің айтқанын істеген адам. Қаламы тиген қағаздың, қолы тиген газеттің бәрі көркейіп шыға келетін. Тіпті телевидениенің өзіне барған кезде де қалай құлпыртып жіберді! Таланттың аты, дарынның заты қандай! Бұл — мінез.

Білім өз алдына, Құдай тағала берген дарынды, білімді іске асыру үшін мінез қажет. «Қазақтың Шолоховы, Чеховы» деп атау бір кезде сәнге айналған еді. Оны енді қойып, өз арамыздан тауып айту керек. Егер солай айтатын болсақ, Шерағаң баспасөзіміздің Бауыржаны болды.

«Егеменге» шақырып, жолымызды ашты. Солқылдамай турасын айтатын қасиетінің арқасында біз де батыл жазатын болдық. Біздің жазған материалдарымызға жоғарыдан дүмпу келіп жатса, ол кісі бізді қорғайтын. Бізге пана болды. Соны сезініп, одан әрі батыл, өткір жазуға талпындық. «Егемен Қазақстанға» келгенде газетті ерекше өзгертті. Бет жасалып алдына келгенде, еркінше бұзып, сүйекті материалдар салғызатын. Соның арқасында басылым өрледі, түрленді, бүгінгі биігіне жетті.

Енді Шерағаңдай тұлға қазақ руханиятына әне-міне кеп қалардай елеңдейтін боламыз! Бақұл бол, аяулы аға, ардақты ұстаз!

Қали СӘРСЕНБАЙ

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.