Жуалылықтар да жемшөп дайындауда

0 210

Жыл сайын жауынды, ылғалды болып тұратын Жуалының табиғаты биыл тосын мінез танытып, бұл өңірді биыл құрғақшылық жайлады. Қысы қатты аудан үшін жемшөп дайындау кезек күттірмейтін мәселе. Одан бөлек мал азығын молынан дайындау, жемшөптің құнын шарықтатпау мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарында. Мәселен бұрнағы жылы Президентіміз Үкімет отырысында: «Үкімет әкімдермен бірлесіп жемшөптің қымбаттап кету мәселесін шешуі керек. Бұл — кәсіпкерлер үшін басты тежеуші факторлардың бірі. Бүгінде жемшөп бағасы ауыл тұрғындары шығынының үштен бір бөлігін құрайды», – деген болатын.

Еліміз бойынша маңызды мәселе ретінде осыдан екі жыл бұрын көтерілген бұл түйткіл әлі де шаруаларды титықтатумен келеді. Негізінде шөп пен астықтың өсіп, бой көтеретін уақтысында жерге көктен бір тамшы тамбаса, жағдай қиындайтыны белгілі. Өйткен не қат, соның құны шарықтап шыға келетіні нарық заңы. Десе де аудан қысқа қамдануда қарап отырған жоқ. Өткен аптаның ішінде шөп ору науқаны басталып, таулы аймақта орналасқан жекелеген ауылдық округтердегі шаруалар көпжылдық шөпке орақ салды.

– Аудандағы ауыл шаруашылығы жерлері 216 306 гектарды құраса, оның ішінде 95 449 гектары егістік, (жалпы суармалысы 8 719 га, оның ішінде суармалы егістігі  8460 га.).  Шабындық жерлер 2 046 гектар болса,  жайылым жер 114 559 гектар, көпжылдық екпелер 265 гектар, басқа да жерлер 2 128 гектар.

Мал азығы дақылдары ауданда 32 920 гектарда орналасқан. Оның ішінде өткен жылдардағы көпжылдық шөп 28 470 гектар, егілген таза жоңышқа 3 700 гектар,  сүрлемдік жүгері 750 гектар. 2021 жылдың жоспары бойынша аудан шаруалары 150 000 тонна пішен, 11 000 тонна пішендеме,12 000 тонна сүрлем және 16 800 тонна сабан дайындауды межелеп отыр.

Сапалы мал азығын (пішендеме, сүрлемдік жүгері) дайындау мақсатында кооперативтер құрылып, биыл бес кооперативтің тарапынан 127 гектар жүгері дақылдары егілді. Онда тиісті агротехникалық шараларды сақтай отыра, 7000 тоннаның көлемінде сүрлемдік жүгері дайындалады деп күтілуде. Жүгері еккен шаруашылықтарды атап айтар болсақ, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерден «Бақдаулет» – 12 гектар, «Жуалы-2020» – 15 гектар, «Сұлтанова» – 10 гектар, «Мол Даму» – 40 гектар, «Атамекен-Бастау» АШӨК-нің жүгері алқабы 50 гектарға тең. Бұдан басқа шаруа қожалықтар тарапынан да сүрлемдік жүгері дақылы егілуде. Барлық егілетін егіс көлемі 750 гектарды құрайды.

Қолда бар 270 мың мал басына қажетті мал азығын дайындау үшін дақылдар бойынша техникалық карта жасалып, шығындары анықталды және мал азығының балансы дайындалды. Қажеттілікке байланысты бір бастың бір жылдық азықтық қоры 15,3 центнерді құрады.

Ауданда шөп ору науқаны жаңадан басталды. Бірінші кезекте шаруалар тарапынан пішендеме дайындау басталып, соңғы мәлімет бойынша 2500 тонна пішендеме дайындалды, – дейді аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Нұрғазы Қыстаубаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.