Жолын тапқан жас маман

0 259

Балабақша-баланың танымын қалыптастыратын, тәрбие­ге баулитын алғашқы басбалдақ. Аузынан уыз сүті кеппе­ген баланың тілін тауып, онымен жұмыс жасаудың қаншалықты шаруа екенін сол мекемедегі мамандар жақсы түсінеді. Сондықтан, бұл салада қызмет жасауға көп адам батылдық таныта бермейді.

Жалпы, балабақша- балаға бүйрегі бұрып тұратын, жүрегі мейірімге толы жандардың қызмет орны. Мұнда баланы бөлектеуге болмайды, жылы сөзіңді арнап, шуағыңды барлығына бірдей төгуің керек. Өйткені, жақсы адам мен жылы қабақты бала да біледі.

«Азиада» бөбекжай бақшасының тәрбиешісі Элизат Туляеваны топтағы бүлдіршіндері көргенде ет жақынын жолықтырғандай қарсы алады. Содан болар, Элизаттың өзі де балаларды көруге, екінші үйіндей болып кеткен жұмысына асығады. Олардың арасындағы үйлесім тәрбиешінің балаға деген мейірімі мен жұмыстағы мол тәжірибесінен пайда болса керек.

Элизаттың мектепке дейінгі мекемеде қызмет жасап келе жатқанына 10 жылдың жүзі болған. Талай балаға тәрбие беріп, балабақша қабырғасынан қанаттандырса да, әлі күнге дейін жасы үлкен ұстаздардың кеңесіне сүйеніп, ізденіс үстінде келеді. «Білгеннің ақылын алған мен ізденгеннің артығы болмайды»,-дейді өзі де.

Жауапкершілігі мол міндетті арқалаған жас маманның алдағы арманы көп. Бастысы-білікті, білімді ұстаз атану. Балаларды тәрбиелі етіп өсіру, болашақта ел қызметіне жарайтын  азаматтарды қалыптастыру.

— Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінің түлегімін. Қазіргі атқарып жүрген жұмысымды мақтан етемін. Өйткені, бала тәрбиелеу-мамандықтың ізгісі. Өзім оқыт­қан бүлдіршіндер күні ертең биік белестерден көрініп, ел мерейін өсіріп жатса, маған одан үлкен қуаныштың қажеті жоқ. Мен үшін еңбектің ақтауы  да сол,-дейді Элизат жұмысы жайында.

Өз ниетіңмен ақталған істе нәтиже болады. Жуырда білім күніне орай жас маман аудан әкімінің Құрмет грамотасын иеленді. Марапатты аудан әкімі Қанатбек Мәдібектің өзі тапсырды. Бұл Элизаттың саладағы еңбегіне берілген ал­ғашқы баға емес. Алдына үлкен мақсат қойған маманның болашақта биік белестерден көрінетініне күмәніміз жоқ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.