Жол сапасы жақсаруда

0 21

Облысымызда республикалық бюджеттің қолдауымен іске асырылып жатқан жобалар шеңберінде ұзындығы 16 шақырымнан асатын Тараз қаласының оңтүстік айналма жолы құрылысы жақында ғана аяқталды. Бұдан бөлек, аудандық маңызы бар «Ерназар-Қойгелді» автожолының 9-шы шақырымында апатты көпір қалпына келтірілуде. Нысанды ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр екен.

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековтен сұрап білдік.

– Өңірдің республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы шамамен 10 мың километрді құрайды. Өңірдің автожолдарын жөндеуге және күтіп ұстауға барлық бюджеттік көздерден 12,7 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражатқа өңірдің 444,3 шақырым жолы жөнделеді. Ағымдағы жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыстың автожолдарын жаңғыртуға бағытталған 166 жобаның 30- ы, «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында 70-і, қалғандары жергілікті бюджеттің қолдауымен жүзеге асырылуда. Бұдан басқа, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жолдарды күтіп ұстау жұмыстары жалғасуда, – дейді Бақытжан Жәнібеков.

Соның арқасында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті автожолдардың үлесін жалпы ұзындықтың 95 пайызына дейін, елді мекендердегі көшелердің үлесін 79,2 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр екен. Жол жөндеу жұмыстарының және қолданылатын материалдардың сапасын бақылау міндеті Жамбыл облысы бойынша «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мемлекеттік республикалық кәсіпорнына жүктелгендіктен, аталған мекеме қадағалау жұмысын жүйелі түрде жүзеге асырып жатыр екен.

– Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 41,8 миллион теңге бөлінді. Ағымдағы жылдың басынан бері автомобиль жолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау кезіндегі жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама 466 нысанға жүргізілді. Шамамен 635 сынама алынды. Нәтижесінде мердігерлерге 72 ескерту беріліп, кемшіліктерді жою бойынша ұйғарымдар берілді, – дейді аталған мекеменің инженері Ахметжан Бименов.

А.Бименовтің айтуынша, автомобиль жолдарының сапасын арттыру тетіктерінің бірі жол құрылысында заманауи технологияларды пайдалану көрінеді. Сондықтан облыста жол құрылысының озық технологияларын енгізу бойынша шаралар белсенді қабылданып жатса керек. Қазіргі уақытта ең танымал әдістің бірі-жол жөндеу сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін суық ресайклинг технологиясы екен.

Leave A Reply

Your email address will not be published.