Жемісті жоба биыл да жалғасуда

0 145

Халықты баспанамен қамту мәселесі ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Егемендіктің 30 жылында бұл бағытта қыруар жұмыс атқарылды. Соның нәтижесінде қаншама отандасымыз зарыға күткен үйлеріне қол жеткізіп, бақыт шамын жарқыратты. Облысымызда да талай тұрғын қоныс тойын тойлап үлгерді. Жаңадан бой көтеріп жатқан ықшам аудандарда қаншама жанұяға пәтер кілттері табысталғанына бәріміз куәміз. Әрине бұл жұмыстар мұнымен тоқтап қалмайды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың идеясымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы – соның жарқын көрінісі. Қазақта бір-біріне жәрдемдесіп, қол ұшын созатын бабадан жеткен «асар» деген игі дәстүр бар. Баянды бастаманың да басты мақсаты осы дәстүрді тірілтіп, адамдар арасындағы қарым-қатынасты ізгілікке толтырып, қиналған жанға көмек қолын ұсыну. Сол арқылы жұртшылықты бауырмалдыққа, мейірімділікке үндеп, жақсылық жасауға шақырады. Игі жоба жамбылдықтар тарапына қызу қолдауға ие болды.

Жемісті жобаның шеңберінде өткен жылы облыс бойынша 101 тұрғын үй халық игілігіне берілсе, оның 2-і Тараз қаласына тиесілі.

Жемісті жоба биыл да өз жалғасын табуда. Жоба аясында «Шалғай Қарасу» алқабы маңынан 15 үй тұрғызылуда. Баспаналардың барлығына инфрақұрылым жүйелері тартылып, бар жағдай жасалатын болады. Үйлер демеушілердің жәрдемімен салынып, оған күрделі жөндеуден өткізілген ғимараттардан артылған құрылыс материалдары да қолданылуда. Бұл Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Үнем – қоғам қуаты» атты бөліміне сәйкес келеді.  Екінші жағынан бұл бүгінгідей құрылыс материалдарының бағасы шарықтап тұрған уақытта жұмысының қарқынының баяуламай, дер кезінде аяқталуына да оң серпін бермек.

Бір типтес, 3 бөлмеден тұратын баспаналар қазан айының 15-не дейін толығымен пайдалануға беріледі деп күтілуде. Осы орайда баса айта кетерлігі, бұл баспаналар көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арналған. Ал олардың әлеуметтік жағдайын арнайы құрылған комиссия анықтамақ.

Міне, осылайша биыл Тараз қаласында ауқымды жобалар қолға алынып, көпті қуантуда. Бұл, ең бірінші, тұрғындардың тұрмысын түзеп, әлеуметтің әлеуетін арттыру үшін жасалып жатқан дүние екені белгілі. Десе де, алдымызда қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Енді тек жоспарлы жұмыстар межелі уақытында бітіп, тұрғындар баспаналарына күн суытпай кіріп алса екен деп тілейміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.