Желаяқ Жақсылық ата

0 171

Мемлекетімізде Тәуелсіздік алған жылдарадан бастап бұқаралық спортты дамыту қолға алынып, халықтың кем дегенде 30 пайызының спортпен тұрақты шұғылдануы мақсат етілгені белгілі. Спортқа баса мән берілуінің арқасында әр түрлі спорт түрлерінен дүниежүзілік байрақты бәсекелерде топ жарып жүрген спорт саңлақтарының қатары елімізде жыл өткен сайын көбейе түсті. Өз кезегінде жастар да аты әлемге танылған спортшыларға еліктеп, жастардың осы салаға қызығушылығы арта түсті. Әсіресе спортпен жастың да, жасамыстың да айналысуына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында бұқаралық спортты дамыту жайлы тиісті орындарға арнайы тапсырма беруі арқау болғаны сөзсіз. Бүгінде бұл тапсырманың орындалуы ауылдық жерде де тұрақты жүзеге асып келеді. Спорттың жас талғамайтынын, онымен егде жаста да айналысқан адам шымыр әрі белгілі бір жетістікке жететіні соңғы уақытта сәт сайын делелденіп келеді. Мәселен Талас ауданы Тамды ауылының тұрғыны жетпіске таяса да өзінің желаяқтығымен көпті таңғалдырып жүр. Осынша жасқа келсе де жүгіруден алдына жан салмайтын көнекөздің жетістігі кімге болсын үлгі екені анық. Жақында осы Жақсылық Мамырбекұлы есімді қария Қырғыз республикасының Ыстықкөл қаласында өткен халықаралық жарыста топ жарып ел мерейін үстем еткен еді. Тамдылық қария жүгірумен зейнет жасына шыққаннан кейін ғана айналысқан екен.

– Қазір жасым 67-де. Аз уақыттың ішінде жүгіруден жеңіп алған жүлделерім жетерлік. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде, Санк-Петербургте, Атырауда, Алматыда және тағы да басқа қалаларда ұйымдастырылған жарыстарда үздіктер қатарынан көріндім. Жуырда Ыстықкөл қаласында ұлт батыры Жұманазар Сатымқұл атындағы халықаралық жарыста да жеңімпаз атандым. Оған әлемнің 35 мемлекетінен 4 мыңға жуық желаяқ қатысып, бақ сынаған еді.

Жалпы қазақ «Спорт – денсаулық кепілі!», «Жаны саудың – тәні сау!» деп текке айтпаған. Әр кез ширақ жүріп әрі ауру-сырқаудан аман болу үшін кез келген адамның спортпен айналысқаны абзал. әсіресе бүгінгідей әлемді індет жайлаған заманда кез келген адам спортқа бір мезгіл көңіл бөлуі қажет. Өйткені өз-өзін шынықтырып, үнемі денесі қозғалыста жүрген адамның бойында дерт тұрақтамайды, – дейді қария.

Аталған жарысқа қазақ елінен тек Жақсылық атамыз ғана қатысып, бақ сынаған екен. Әркім өз спортшысын қолдап, жанкүйерлері қиқу салған дуы басым додада жерлесіміздің қарсыластарынан оқ бойы алда келуі әрбір қазақстандықты марқайтқаны рас. Аталған дүбірлі додада Жақсылық Мамырбекұлы 42 шақырым 195 метрді 4 сағатта жүгіріп өтіп, мәре сызығын бірінші болып кесті. Енді абыз ақсақалдың есімі қазақ елінің ғана емес, 35 мемлекеттен келген спортшылардың да жадында жатталып, есінде қалатыны сөзсіз. Бастысы қазақтың қай бәсекеде болсын намысты қолдан бермейтіні осы жолы да тағы бір дәлелденгені үлкен олжа болып тұр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.