ЖАЗ-АТАНЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ БАЙҚАУ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

0 231

Еңбегімен ер атанып, еленген,
Дара болмыс өрнектелді өлеңмен

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында өткеннен тағылым алмай, келешекке қадам баса алмайтынымызды ерекше атап өткені мәлім. Сол үшін де тұлғаларымызды дәріптеп, өскелең буынның санасына сіңіру – бәріміздің ортақ парызымыз. Ал, жақсымызды қадір тұтып, ел үшін еткен еңбегін үлгі еткеннен ұтылған жеріміз жоқ.
Еңбегімен еленіп, беделдің биігіне көтерілген ұлтымыздың даңқты перзенттері турасында сөз қозғағанда ең әуелі ойымызға Жазылбек Қуанышбаевтың есімі оралады. Бұл есім – өлшеусіз еңбектің синонимі, абыройдың екінші аты іспетті.

1896 жылы жусаны жұпар, ауасы бал маңғаз Мойынқұм өлкесінде дүниеге келген Жаз ата жастайынан жетім қалып, тағдыр тәлкегімен ерте жүздесті. Содан болар бұғанасы тез бекіп, еңбек майданына араласып кетті. Алғашқылардың бірі болып, ұйымдасқан Кеңес ауыл шаруашылық артеліне мүшелікке қабылданды. 1936 жылы таң¬даулы малшылар қатарында Алматыда ашылған Қазақстан ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысады. Осы сапардан оралысымен мал тұқымын асылдандыру жұмысына кіріседі. Жергілікті қылшық жүнді қойды қаракөл қоймен будандастыру ісін жүргізеді. Оның әсіресе Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі ауыздан ауызға аңыз болып тарады. «Ер етігімен су кешкен» қысылтаяң кезеңде мал басын аман сақтап, ет пен жүнді артығымен өндірді, майданға азық-түлік, киім-кешек жіберу ісінде де белсенділік танытты.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін тоқтап қалған селекция жұмысын қайта жалғастырып, құнды елтірі беретін қаракөл қойын өсіреді. Одан төл алу және елтірі сапасын жақсар¬ту көрсеткіші жылдан-жылға өркендейді. 1947 жылы әр жүз саулықтан 130 қозы алады. О баста мүмкін еместей көрінген бұл көрсеткіш қазақ баласының қолымен жасалды. Осы бір елеулі еңбегі үшін Социалистік Еңбек ері атанды. Осылайша, қарапайым ауылдың қара шалы қазақтың қабырғалы қайраткеріне айналды. Аталған жоғары марапат шопанды алға қарай ұмтылдыра түсті. Соның нәтижесінде 1957 жылы отардағы әр жүз саулықтан 144-тен қозы алынып, әр қойдан екі келіден жүн қырқылды. Келер жылы да толағай табысқа қол жеткізді. Мал басын толық аман сақтап, әр жүз саулықтан 145-тен қозы алды, әр қойдан 3,3 келі жүн қырықты, қаракөл елтірісінің бірінші сорттылығын 86,5 пайызға ұлғайтты. Әрине, мұндай озат еңбек ескерусіз қалған жоқ. «Малшылар маршалының» омырауына 1958 жылы Социалистік Еңбек Ерінің екінші Алтын Жұлдызы тағылды. Осы жетістігіне орай КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Бірлік ауылында дара тұлғаның бюсті тұғырына қонды. Ол өсірген қаракөлден өндірілген елтірілер халық¬аралық жәрмеңкелерде, Дели, Бухарест, Нью-Йорк т.б. қалалардағы аукциондарда өте жоғары бағаланды. Осылайша, абыз ақсақалдың даңқы алты құрлыққа жайылды.

Биыл қаракөл шаруашылығының короліндей болған аймаңдай тұлғаның дүниеге келгеніне 125 жыл толды. Елорда төрінде шымылдығы түрілген торқалы тойдың дүбірі ауданымызға да жетті. Той тойлауды емес, ой ойлауды құп көрген аудандық Мәдениет үйі Жаз атаның 125, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жазба ақындар мүшәйрасын ұйымдастырды. Поэзия өлкесіне ат арқандаған 8 шайыр дала академигінің дара болмысын өрелі өлеңмен өрнектеді. Шымыр шумақ, ұтымды ұйқас арқылы Жаз атаның жарқын келбеті көз алдымызға келгендей. Қызылқайнарлық Бегалы Ысқақовтың:
«Қойдың пірі – Шопан ата дегенде,
Елестетем Жаз атаның бейнесін», — деп толғауында да үлкен мән жатыр. Шынында, өзі қой баққан 30 жыл ішінде бір ғана өз отарында 17,5 мың төл алып, мемлекетке 9 046 елтірі мен 546 центнер жүн өткізген, отардан 8 548 қозы өргізіп, мал басының 98,3 пайыз аман сақтаған мал шаруашылығының білгірін қойдың піріне қалай ғана ұқсатпайсың?!

Көлқайнар ауылдық округінің үміткері Әсел Назаралының:
«Тыныштығын тілеп жүріп, жер, көктің,
Елің үшін ер атанып, тер төктің», — деген жыр жолдары да ата кәсіптің айбынын асырған тұлғаның бағасын өлеңмен биіктетіп тастады.
Өлең бәйгесін жүргізген танымал айтыскер ақын Айтмұхамбет Исақов да мерейтой иесі жайлы сипаты бөлек, сыры басқа салмақты сөз сабақтап, өрелі ой қозғады. Ауыздығымен алысқан тұлпардай додаға түскен айшабибілік жас ақын Елбек Нұрмаханбетовтің де әр өлең жолы қыздың жиған жүгіндей, көркемдігімен көз тартты. Жас жүйрік өз арнауында:
« Ел есімін жер жаһанға танытқан,
Ер есімін ұмытпайды қазағым», — деп сананың саңылауына сәуле түсірді. Шайырлардың басын бір жерде тоғыстырып, жыр бәйгесін өткізуі – сол елдің ерін ұмытпай, ұлықтағанының жарқын мысалы емес пе?

Ел ішінде де Жазылбектің ізін жалғаған, өмірлері еңбекпен өрілген жандар жетерлік. Бұл да биыл 30 жыл толатын азаттығымыздың алтын олжасы екені даусыз. Егемендіктің осындай әр табысы, әр сәті жыр болып төгілсе қандай ғанибет?! Мүшәйрада бақ сынаған қатысушылар да келесі кезеңде Тәуелсіздік туралы оралымды ойларын жыр көшіне ілестірді. Азаттық аңсаған бабалардың асыл арманы, бостандықтың бағасы, елдіктің өлшемі, бәрі, бәрі ақындардың жырларында көрініс тапты.

Аса аспанын мөлдір поэзияның құшағында тербеткен байқаудың қорытындысына сәйкес Бегалы Ысқақов 1-орынды жеңіп алса, Әсел Назаралы 2-орынды олжалады. Елібек Нұрмаханбетов 3-орынға лайық деп танылды. Жыр бәсекесін қорытындылаған аудандық Мәдениет үйінің директоры Индира Тоғанбаева еңбек майданының қаһарманы Жазылбек Қуанышбаевтың өмірі мен өнегесі елге қызмет етудің ерлікке пара-пар үлгісі екенін баса айтып, мүшәйра жүлдегерлері мен қатысушыларына арнайы Дипломдар мен бағалы сыйлықтарды табыс етті.

Қой бағу тек малдың соңында ала таңнан салпақтап жүру емес, үлкен ілім, зор қабілет екенін дәлелдеген, көзінің тірісінде-ақ құрмет құшағына бөленген Жаз атаның есімі Үлкен Совет және Қазақ Совет энциклопедияларына енгізілген. Ол кісі туралы сан қилы мақалалар «Правда» газетінен бастап, барлық баспасөз құралдарында ұдайы жарық көріп тұрды. Оның өшпес даңқы егемендікті еншілеген 30 жылдың ішінде де ұмыт қалған емес. Еңбек ерінің есіміне шаруа қожалық, елді мекендер, Алматыдағы бір көшенің берілуі – жоғарыдағы сөзіміздің айғағы. Бұдан бөлек, Мойынқұм ауылының орталығында дала академигінің шопан таяғын ұстап, қиырға көз тіккен бейнесі алыстан менмұндалайды.

Құрбанәлі Шахабай,
«Шұғыла».

Leave A Reply

Your email address will not be published.