Жастарды еңбек етуге шақырады

0 146

Еңбек – түбі береке. Еңбек адамның табиғи жетістігі болып табылады. Бүгінде талмай еңбек етіп, жемісін көріп отырған жандар қаншама. Солардың бірі, шалғай ауылда тұратын біздің бүгінгі кейіпкеріміз адал еңбектің наны тәтті екенін жақсы біледі. Өзге ауыдастарына да өнеге болып жүр.

Бүгінде ауыл тұрғындарының әрбіреуінің ауласында тиесілі жерлері бар. Құрамы дәруменге толы бау-бақша өнімдерін өсіріп, баптап, өзгеге үлгі көрсетіп жүрген ауыл азаматтары жетерлік. Сондай еңбекқор  апамыздың бірі  Сарысу ауданы Жайылма  ауылының тұрғыны, зейнеткер Күләт Айтбаева үй ауласындағы 10 соттық жерге бау-бақша, көкөніс егіп, көпке үлгі көрсетуде.

Бақша егуге бала-шағасымен жұмыла кіріскен зейнеткер  ерте көктемнен еңкейіп еңбек етті. Нәтижесі міне, еккен өнім пісті. Апамыз қолы бос уақытында ауласындағы бауды күтіп баптайды екен. Өйткені, балаларының несібесі. Үйінің айналасында бос жатқан жер жоқ деуге де болады.  Зейнеткердің бақшасында асқабақ, қияр, қауын, қызанақ,  жүгері өнімдері жайқалып тұр.

Күләт апамызбен әңгіме барысында:

— Өздеріңіз көріп отырғандай, ауланың ішіндегі жерге көкөністің қияр, қызанақ, сәбіз т.б түрлерін егіп, нәпақамызды тауып отырмыз.Рас, бақшаның ұсақ- түйек жұмысы көп. Оған ерінбейтін адам керек. Ал еңбек денсаулыққа пайдалы. Арам шөбін жұлып, шаруасын жайғасаң бұл әрі бала- шағаңа көмек, әрі өз денсаулығыңа пайдалы. Қазақта «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»,-деген сөз бар. Жаз бойы ерінбей еңбек етсең, жыл бойы рахатын көресің. Ерте көктемде еткен еңбектің арқасында алыс- жақыннан ауылға келген немерелерім қызығын көруде. Кейінгі жастарға айтарым жалқаулықтан арылып, ерінбей еңбек етіп, еліміздің көркеюіне атсалысуға шақырамын. Әлемді жайлаған індеттен сақтанып жүрейік,-деді. Сонымен қатар Күләт апаның жүн түтіп, ұршық иіріп, бала-шағасына шұлық тоқып, құрақ көрпе жасайтынына куә болдық.

Үй іргесіндегі бау-бақшаны аралап жүріп, жайқалып жемісін беріп тұрған бау-бақшаға және ауласын жайнатып өсіріп отырған апамызға ризашылықпен қарап, еңбегіңіздің рахатын көріңіз деген тілекпен қайттық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.