ЖАРҚЫН ЖОБА САРЫСУҒА СЕРПІН СЫЙЛАУДА

0 347

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту ас ішіп-аяқ босатумен өлшенбейді. Мәселенің мәнісі аталған мерейтой аясында өіңірімізде мүмкіндігінше халық қажетіне жарайтын татымды тірліктің тындырылуында жатыр. Осыны күні бұрын ойға алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірімізде «30 жылдыққа 30 игі іс» атты жобаны жүзеге асыру үшін осыдан біршама уақыт бұрын байыпты бастама көтерген болатын. Аталған жарқын жоба бүгінде өңіріміздің әр ауданында жүзеге асып жатса, бұл игі істі Сарысу ауданы да жемісті жалғастыруда, — деп хабарлайды «Sheraga.kz» ақпарат агенттігі.

Мәселен «30 көпқабатты үй» жобасы аясында алдағы уақытта аудан орталығы Жаңатас қаласында 3 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Халықты қолжетімді баспанамен қамту мақсатындағы игі істің нәтижесінде жыл ішінде 400-ден аса отбасы қоныстойын тойлайтын болады. Сонымен қатар Жаңатас қаласындағы 4 ықшамаудандағы 15А үй шілде айында, 1 ықшамаудандағы 41 және 47 үйлер қараша айында ел игілігіне берілетін болады.

Ал «30 ауылды жарықтандыру» жобасы аясында ауданда 65,7 миллион теңгеге 17 көше жарықтандырылмақ. «30 жаңа жол» жобасымен Көкдаланың 2 ауылына, Қамқалы және Жайлаукөл, Досбол ауылдарына екі көшеден, Тоғызкент ауылындағы Жастар көшесінің жол жабындысын, Жаңатас қаласындағы 5 және 6 шағын аудандардың 8 көпқабатты тұрғын үйлердің ішкі жолдары орта жөндеуден өтеді.

Жоба ықпалымен сарысулық тұрғындарды жылдар бойы алаңдатқан Жаңатас-Шымкент бағытындағы Шаян-Шолаққорған арасындағы жолдан Жаңатас қаласына дейінгі 45 шақырым автокөлік жолы да жөнделеді. Бұдан бөлек облыстық маңызы бар жолдар санатына жататын Ақтоғай елді мекенінен бері қарай Жаңатас қаласына және одан әрі Байқадам елді мекеніне қарай, 22 шақырым жол да жөнделіп, халық қуанышын еселемек.

Сондай-ақ «30 жаңартылған аула» жобасы бойынша балалар ойын алаңшаларының 12 данасы орнатылуда. Жаңатас қаласы мен 9 елді мекенде 15 дана спорт алаңшалары орнатылуда.

«30 әлеуметтік дүкен» жобасымен Жаңатас қаласындағы 2 әлеуметтік дүкенде 20-ға жуық азық-түлік тауарлары төмендетілген бағада сатылуда. Жыл соңына дейін ауданда қосымша 3 дүкен ашу көзделуде.

«21 медициналық нысан» жобасы Жаңатас қаласы («Дегерес») мен Тоғызкент ауылында дәрігерлік амбулатория және Әбілда елді-мекеніндерінде жаңа үлгідегі медициналық пункттерін салу жоспарлануда.

Одан бөлек «30 жаңа STREET WORKOUT», «30 жылдыққа 300 мың ағаш», «Менің бастамам» жобалары да аудан тұрғындарының ауызбіршілігінің арқасында жүйелі жүзеге асырылуда. Жоспарлы жұмыстар жыл соңына дейін жалғасатын болады.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.