Жарқын жоба ауылдардың ажарын ашуда

0 294

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылдың 27 ақпандағы «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде сөйлеген сөзінде еліміздегі 7,5 миллион ауыл тұрғынының әл-ауқатын жақсарту мақсатында перспективалы ауылдарды іріктеп, сол ауылдарда әлеуметтік саланы дамытуды, тұрғын үйлер мен жолдар салып, коммуникациялар жүргізуді қарастыратын «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыруды тапсырған болатын.

Жалпы «Ауыл – Ел бесігі» жобасының мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту. Жоба жүктеген міндеттер облысымызда жемісті жүзеге асырылуда. Өңіріміздің көптеген елді мекендері жобаның шарапатын сезінуде. Нәтижесінде ауылдардың ажары ашылып, тотыдай тарана түсуде. Мәселен облыс орталығына іргелес жатқан Байзақ ауданында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен жылы көптеген жобалар жүзеге асырылып, нәтижесінде бірқатар әлеуметтік нысандар жаңадан бой көтерсе, енді бірқатарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Аталмыш мемлекеттік бағдарламалар ағымдағы жылы да жалғасын тауып, өңірдегі Бурыл, Мырзатай, Темірбек ауылдық округтерінде жаңа мектеп құрылыстары қолға алынса, Суханбаев, Жаңатұрмыс және Үлгілі ауылдық округтеріндегі білім беру ошақтары күрделі жөндеуден өткізіліп, жанама құрылыстар салынуда.

Мәселен Бурыл ауылдық округіндегі 300 орындық жаңа мектептің іргетасы былтырғы жылдың наурыз айында қалана бастаған. Жалпы құны 1 миллиард 038 миллион 583 мың теңге болатын жаңа нысанға «Өмірзақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер атанған. Аумағы 2,5 гектарды құрайтын құрылысқа техникалық қадағалаушы «Инжиниринг Сервис Групп», ал, жобалаушы мекеме «Күмбез Тас» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері болып танылған. Мұндағы жұмыстар бүгінде жетпіс бес пайызға жақындап, ағымдағы жылдың тамыз айының ортасында аяқталуы күтілуде.

Сонымен қатар Мырзатай ауылдық округінің Сеңкібай және Темірбек ауылдық округінің Шахан елді мекендерінде жаңадан іргетасы қалана бастаған 100 орындық орта мектептердің құрылысы құрылысы биылғы жылдың сәуір айында басталған. Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының тапсырысы арқылы бой көтеріп жатқан нысан заманауи үлгіде, оқу кабинеттері, зертхана бөлмелері, шеберхана, спорт және акт залдары, әкімшілік, медициналық кабинет, кітапхана және оқырман залымен қамтылмақ. Сеңкібай елді мекеніндегі құрылыстың сметалық құны 580 миллион 564 мың 236 теңгені, ал, Шахан елді мекеніндегі құрылыстың сметалық құны 571 миллион 880 мың теңгені құраған. Қазіргі таңда, ондағы жұмыстар күн санап қарқын алу үстінде. Жер қазу жұмыстары жүргізіліп, іргетасы құйылып жатыр.

Бұдан өзге де бірқатар елді мекендерде «Ауыл-Ел бесігі» жобасымен ілкімді істер атқарылып, тұрғындардың көз қуанышына айналуда. Сондай-ақ тұрғындар жобаның алдағы уақытта да жалғасуына тілектестігін білдіруде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.