Жақсыдан шарапат

0 18

Мейірімділік – ізгіліктің жолы. Жақсы адам қол ұшын беруге, жәрдем етуге, жанашырлық танытуға, көмек көрсетуге, қолдау жасауға әрдайым дайын тұрады. Себебі риясыз жақсылық жасау – биік адамгершіліктің белгісі. Осы тұрғыда Елбасының бастамасымен қолға алынып, республика көлемінде өтетін жыл сайынғы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы жаңа оқу жылы қарсаңында «Жүректен жүрекке» ұранымен өтіп жатыр. Жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету және баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алуды мақсат еткен акция аясында өңіріміздің жомарт жүректі кәсіпкерлері аянып қалмай, қол ұшын беруде.
Жуырда Қонаев ауылындағы Төле би атындағы мектепте акцияға байланысты қайырымдылық шара өтті. Мектеп түлегі, бүгінде аудандағы ірі кәсіптік нысандардың негізін қалаушы Кошали Гусейнов мектеп оқушыларына көмек болсын деген ниетте үш жүз мың теңге қаржылай көмек көрсетті. Сондай-ақ аудандық білім бөлімінің басшысы М.Жинақбаева, аудандық мәслихат депутаттары Ж.Чекаев пен М.Сұлтанова және жеке кәсіпкер М.Садырбаев мектеп табалдырығын аттағалы отырған 50 бүлдіршінге мектеп формасы мен спорттық киімдер тарту етті.
Шара барысында М.Жинақбаева мен К.Гусейнов сөз сөйлеп, акцияның маңыздылығы мен оның әрі қарай жалғаса беретінін атап өтті. Сондай-ақ Қонаев ауылындағы жағдайы төмен отбасынан шыққан мектеп оқушысына аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері материалдық көмек көрсетіп, ата-анасының алғысын арқалап қайтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.