Жаңатастағы жарқын жоба

0 175

Бүгінгі таңда жер жаһанды толғандырып отырған ең бір өзекті мәселенің бірі – энергия тапшылығы. Өкінішке қарай жыл санап дәстүрлі қуат көздері (көмір, мұнай, табиғи газ қоры) азайып барады. Сол себепті де әлемнің дамыған мемлекеттері қажетті энергияны күннен, желден, судан, биомасса, геотермалды жылудан, яғни бір сөзбен айтқанда табиғи көздерден алуға көше бастады. Тиісінше елімізде де кейнігі жылдары табиғи көздерден энергия алуға айрықша көңіл бөліне бастады. Бірқатар облыстарда жарқын жобалар іске қосылып, бүгінгі таңда жемісін беруде.

Мәселен Жамбыл облысы, Сарысу ауданында жүзеге асып жатқан «Жаңатас» жел электр стансасының да игілігін көретін күн алыс емес. Жалпы стансаның қуаттылығы – 100 мегаватт. Стансада жоспар бойынша жыл сайын 340 миллион киловатт электр энергиясы өндіріледі деп күтілуде. Сонымен қатар алдын ала болжам бойынша «Жаңатас» жел электр стансасы Сарысу ауданын ғана емес, бірнеше елді мекенді де жарықпен қамти алады. Айта кетейік бұл Орта Азиядағы ең алып жоба. Құрылғылар толықтай Қытай Халық Республикасынан әкелінуде.

Жобаның жалпы құны 130 миллион АҚШ долларын құрайды. Жоба аясында қуаты 2,5 мегаватт болатын 40 жел энергетикалық блок пен электр жабдықтарын, сондай-ақ бір станса торабы мен көпфункционалды орталық салу жоспарланған.

Жалпы жоба бойынша орнатылатын 40 жел турбинасының бүгінгі күнге 37-сі орнатылған. Оның ішінде 25 жел турбинасы сынақ режимінде іске қосылған. Бүгінгі таңда орта есеппен 15 миллион кВт/сағ. электр энергиясын өндіруде.

– «Жаңатас» жел электр стансасы жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өнеркәсіп саласына өз үлесін қосуды бастады. Бірінші тоқсан қорытындысымен 1,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілді, – дейді «Жаңатас» жел электр стансасы серіктестігінің менеджері Наурызбек Жұмағазин.

Ендігі кезекте, қалған турбиналарды орнату бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жобаның құрылысы 2021 жылдың маусым айында толықтай аяқталады деп күтілуде.

Жалпы жоба оңтүстік Қазақстандағы электр энергиясы тапшылығын жойып қана қоймай, тау-кен өндіруші кәсіпорындардың да жұмысының тиімділігін арттырмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.