Жаңартылған кешен — кеншілер игілігіне

0 55

Жамбыл облысындағы «Қазфосфат» ЖШС өзіне қарасты «Көктал» емдеу-сауықтыру кешенін биыл қайта жаңғыртты. Мұндағы қайта жаңғырту, күрделі жөндеу жұмыстарына 370 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Мұның ішіндегі 100 миллион теңгеге жуығына медициналық жабдықтар алынған. Биылғы 10 ақпанда басталған құрылыс жұмыстары 10 мамыр күні аяқталып, жуырда емдеу-сауықтыру кешені жұмысын қайта бастады.
Кешен Талас ауданының орталығы Қаратау қаласынан 12 шақырым қашықта орналасқан. Ол жоғары деңгейдегі емдеу базасы бар және сауығу мен тынығуға барлық қолайлы жағдайы жасалған көпбейінді санаторий.
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев аталған кешенге барып, оның жұмысымен танысып, ондағы емделушілер мен қызметкерлердің тыныс-тіршілігін көріп қайтты.
Талғат Шариұлы алдымен кешеннің негізгі нысандарының бірі саналатын емдеу корпусын арлап көрді. Кешеннің бас дәрігері Жанерке Ахметжанова мұндағы барлық бөлмелердің және ондағы заманауи құрылғылардың жұмыс істеу артықшылықтарын айтып берді. Ж.Ахметжанованың айтуынша, «Қазфосфат» зауыттары мен цехтары химия өндірісіне негізделгендіктен мұндағы жұмысшылар көбіне тыныс алу жолдарының және буын ауруларына шалдығады екен. Сол себепті емдеу-сауықтыру шаралары кезінде көбіне осы бағыттарға басымдық беріледі. Ол үшін тұз шахталары мен галокамералар, шөп-дәрілері қолданылатын ингаляция ем шаралары, буындарды батпақпен, парафинмен емдеу тәсілдері де дұрыс жолға қойылыпты.
– Кешен аумағында спорт алаңшасы, спорт залы, емдеу корпусы, жылу қазандығы бар. Бір сөзбен айтқанда емдеу осы реконструкция жұмыстары аясында сауықтыру кешенінде ауқымды жұмыстар жүргізілді. Жаңадан үйлер соғылып, корпустарға күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Қысқасы, демалушыларға барлық жағдай қарастырылды.
Жаңа медициналық жабдықтар алынып, батпақпен, сумен, тұзбен емдеу процедуралары жанданды. Қазір мұнда 40 адам жұмыс істейді, олардың саны емделушілерге қызмет көрсетуге жеткілікті. Олардың біреуі жалпы тәжірибелік дәрігер, 12-сі медбике, қалғандары санитарлар мен өзге де персоналдар. Мамандар негізінен Қаратау қаласынан келеді. Мұнда тек қазфосфаттықтар ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінен де келіп, ақылы түрде ем алуға болады. Мұндағы емдеу процесі 10 күнге созылады, – дейді бас дәрігер Ж.Ахметжанова.
Шипажай ащылғалы алғаш рет, яғни 40 жылдан кейін қайта жаңғыртылып, күрделі жөндеу көріп отыр.
Қалпына келтіруден кейін шипажай өз қуатын 2 есеге дейін арттырған.
Ұсынылатын медициналық қызметтердің ішінде – балшықпен емдеу, бальнеотерапия, физиотерапия, урология, гинекология, тірек-қимыл аппаратының аурулары бойынша емдік шаралары жүргізіледі.
Ал демалушыларды 5 мезгіл тамақпен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген.
Облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев барлық корпусты аралап болған соң істелінген жұмыстарға жоғары бағасын берді.
– Кешеннің негізгі бағыты – «Қазфосфат» компаниясының жұмысшыларын емдеу-сауықтыру шараларымен қамту. Серіктестік бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында осы кешенді адам танымастай өзгертіп, қайта жаңғыртып отыр. Осы арқылы мұнда қордаланып қалған көптеген мәселе шешімін тапты. Ең алдымен емдеу процедураларының ауқымы кеңейіп, жаңадан алынған қондырғылардың, бұрын жабық тұрған үйлердің жөнделіп, қайта ашылуы арқасында қызмет көрсету, ем шараларының сапасы арта түсті. Сонымен қатар батпақпен, сумен, тұзбен, массажбен емдеу ісі де жақсы жолға қойылып отыр. Бұған дейін мұнда небәрі 60 қана адамды емдеуге мүмкіндік болса, күрделі жөндеуден кейін келушелер саны екі есеге артты. Яғни бүгінде кешенде 120 адам емделіп, сауықтыру шараларының пайдасын көріп жатыр. Ал жылына 3000-дай адамды емдеуге мүкіндік туып отыр.
Жалпы, компанияның бұл жұмысын 29 мамыр күні болатын химия өндірісі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне жасаған үлкен тартуы деуге де болады. Одан бөлек былтыр компания Қаратау қаласындағы 72 пәтерлік көпқабатты үйді реконструкциядан өткізіп, өзінің жұмысшыларына таратып берді. Мұндай жұмыстар әлі де жалғасын таба береді, дейді, Т.Мамаев.
Сондай-ақ Жаңатас қаласындағы «Көксу» кенішінде қопарғыш болып еңбек ететін Жеңіс Сәдуақасов та өз ризашылығын білдірді.
– Кеніште еңбек етіп жүргеніме 30 жылдай уақыт болды. Жыл сайын осы сауықтыру кешеніне келіп, емделіп тұрамын. Биыл мұнда біз күтпеген өзгерістер болып, қай жеріне барсақ та керемет жағдай жасалған. Осындай бар мүмкіндігі қарастырылған жерде демалып, сауығып жатқанымызға өте қуаныштымыз. Бұрынғысымен салыстырғанда қазіргісі әлдеқайда керемет. Бүгін келіншегім екеуіміздің емделіп жатқанымызға бесінші күн болды. Дәрігерлер мен медбикелерге, санитар қыздарға, бәріне ризашылығымызды білдіреміз. Әрине, біздің денсаулығымызды, болашағымызды ойлап, жағдайымызды жасап берген компания басшылығына, кәсіподақ ұйымына алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді ол.
Сауықтыру кешеніне келушілер ем шараларынан бөлек үстел теннисін, бильярд ойнап, транажер, спорт залдарында да уақыт өткізе алады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.