Жаңарту жұмыстары жүйелі жүруде

0 258

Тараз қаласындағы ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру және дамыту шаралары қалай жүзеге асуда? Бүгінге дейін атқарылған жұмыстардың нәтижесі қандай? Кездесіп отырған кедергілер мен мәселелер бар ма?

Өткен жылы қаланың ирригация жүйелерін тазалау жұмыстарына жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, «Тараз-Ирригация» ЖШС-мен канал арналары мен арық жүйелері тазаланған. Нақтырақ айтсақ, жер асты суларының деңгейін төмендету мақсатында облыс орталығындағы Байзақ батыр көшесінен Саңырақ батыр көшесіне дейін ұзындығы 1,4 шақырым «Тайвань алқабын құрғату» дренаж каналы және «Шалғай Қарасу» тұрғын алқабындағы «Үшбұлақ» каналының 800 метр арнасы, Шостакович көшесі мен Тәуке хан көшесі аралығындағы «Қарасу-2» каналы механикалық тазалаудан өтті.

Бұдан бөлек, бюджет қаражаты есебінен 58,2 миллион теңгеге Айша бибі және Тәуке хан көшелерінің бойындағы дренаж каналдарына және 77,6 миллион теңгеге «Үшбұлақ» каналы мен «Әулие-Ата» халықаралық әуежайының маңындағы дренаж каналының арналарына тазарту жұмыстары жүргізілді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 19 көшедегі арық жүйелерінің 21309 метр лоток жүйелерін ауыстыру жұмыстары орындалды.

Биыл ирригация жүйелерін тазалау жұмыстарына жалпы 90,0 милион теңге қарастырылды. Оған Қант зауыты мен Тектурмас алқаптарынадағы ирригация жүйелерін және «Үшбұлақ» каналын механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу көзделген. Сонымен қатар, Тараз қаласының көшелерінде науалық желілер мен арналарға арналған тарату шлюздерін орнату жұмыстары басталуда.

Жалпы Тараз қаласы аумағындағы 8 каналдың ұзындығы 82,55 шақырымды құрайды. Сондай-ақ, 2 дренаж каналы, 1 гидротехникалық құрылыс бар. Ал, ирригациялық арық жүйелерінің жалпы ұзындығы 164 шақырымға жетеді.

Ағымдағы жылы қала көшелеріндегі науалық желілер мен арналарға арналған тарату шлюздерін орнату үшін жергілікті бюджет есебінен 89,1 миллион теңге қаралған. Бұл қаржыға «Әль-Мансур» ЖШС-мен  келісім-шарт жасалып, бүгінде монтаждау жұмыстары 55 пайызға орындалған.

Бүгінде қала әкімдігі тарапынан канал арналарын тазалау және лоток жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары бойынша  2021-2023 жылдарға арналған  жоспар әзірленіп, бекітілді.3 жылға арналған жоспар бойынша 38,24 шақырым лоток жүйелерін ауыстыру және 6 канал арнасын тазалау жоспарлануда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.