Жамбыл ауданында 6 мектеп күрделі жөндеуден өткізіледі

0 140

Облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек Жамбыл ауданына жұмыс сапарымен барды. Ауданды аралау барысында ол әлеуметтік маңызы бар бірқатар нысандармен танысып, мектептерге жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының қарқынына, құрылыс жұмыстарының сапасына мән берді. Ауданда күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан білім мекемесінің бірі – 640 орындық Әзімбек Ысмайылұлы атындағы орта мектеп. Ол Шәкен Ниязбеков ауылында орналасқан.

– Биыл ауданда 6 орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілуде. Олардың құрылыс жұмысына 590 миллион теңге бөлінген болатын. Оның 4-еуіне «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 309 ммиллион теңге, 2-еуіне облыстық бюджеттен 281 ммиллион теңге қаралды. Бұдан бөлек 12 мектепке ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 113 миллион 438 мың теңге бөлініп отыр.

Осыдан отыз жыл бұрын салынған Ә.Ысмайылұлы орта мектебінің үш корпусының жұмысы аяқталғанымен, тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы қаржылық дағдарысқа байланысты екі корпустың құрылыс жұмысы тоқтап қалған тұғын. Бүгінде аталған мектептің спорт және акт залдары мен асхананың құрылысын қайта жаңғыртып, мектепті толық күрделі жөндеуден өткізу үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 138 миллион 702 мың теңге бөліннген еді. Оның құрылыс жұмысын жүргізуді  «ТаразСтрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз міндетіне алған, – деді адан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев.

Облыс әкімдігінің Жамбыл аудандық білім бөлімінің инженер-құрылысшысы Бақытжан Шабанбаевтың айтуынша, бүгінде ғимараттың шатыры жаңарып, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары, еденін ауыстыру, жылу, кәріз жүйелері мен электр желісі жаңғыртылыпты. Бұдан бөлек, нысанның ауласын абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Жалпы аталған құрылыс жұмыстары бүгінде 90 пайызға аяқталған. Мердігер нысанды 20 тамызда тапсырамыз деп отыр.

Өз кезегінде Д.Кәрібек жауаптыларға бірқатар тапсырмалар берді. Одан кейін аудан орталығы – Аса ауылындағы өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасымен салынған әмбебап спорт кешенін аралады. 224 балаға арналған спорт кешенінің құрылысын «Өмірзақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 594 миллион теңгеге жүргізіпті.

– Заманауи спорт кешенінен бөлек, мұнда үлкен футбол, екі кіші футбол алаңы және тенис, бокс, күрес, жүгіру, жаттығу алаңдары бар. Кешенде аудан жастары бекітілген кесте бойынша жаттығады, – дейді аталған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің директоры Мақсат Риянов.

Ауданда жұмыс сапарымен болаған Дәулет Жамаубайұлы басқа да әлеуметтік нысандарды аралаумен қатар, зиялы қауым өкілдерімен, ардагерлермен, жастармен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.