«Ұлттық спортқа бөлінген 1 миллиардты Қайрат Сатыбалды қажетіне жаратқан»: Экс-жаттықтырушы біраз былықтың бетін ашты

0 1 224

Ұлттық спорт қауымдастығына бөлінген 1 миллиард теңгеге жуық қаржыны Қайрат Сатыбалды алған, деп хабарлайды Экспресс К.

Нартай Аралбайұлына сұхбат берген Ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы болған Рамазан Сәттібаев бөлінген ақшаның діттеген жеріне жетпегенін атап өтті.

Ұлттық спорт қауымдастығына Бекболат Тілеухан президент болғаннан кейін түрлі мәселелер туындай берген. Алайда оны шешуге федерация басшысы құлықсыз болған көрінеді.

«Самұрық-Қазына» қорынан жыл сайын ұлттық спортқа ірі көлемде ақша бөлінеді. Бірақ Бекболат Тілеухан үнемі «ақша жоқ» деп отырады. Бір жылдары біз Ұлттық спорт қауымдастығына 1 миллиард теңгедей ақша алдық. Бұл деген ұлттық спорт үшін көп мүмкіндік еді. Бекболатпен сөйлесіп отырғанда ұсынысымды айттым. «Спортты қалай дамытамыз, білесіз бе? Сіздің қазіргі істеп отырған жұмысыңыз мынадай сипатта: «Әулиеата» мен «Оңтүстік Қазақстан» командаларын президент келсе де, басқа келсе де көрсете саласыз. Бұл екеуі сөзсіз бетке ұстар команда. Бірақ арғы жағын қарасақ, дамымай жатқан облыстар жетерлік. Қарағанды, Ақмола, Қостанай, СҚО сияқты өңірлерді көрсетпейді. Олар өздерімен өздері жүр» деп айттым», — дейді Рамазан Сәттібаев.

Алайда ұлттық спорт кенжелеп қалған өңірде жұмыс жүргізуге Бекболат Тілеухан еш құлық танытпағанға ұқсайды.

«Бөлінген ақшаны ауылдық жерлердегі ұлттық спортты дамытуға жұмсайық. Ауыл маңынан жер алып беріп, 1 миллион теңгеден ақша бөлейік. Басқа шаруалары да атқарыла берер еді» десем де, бұл шаруа алға баспады. Бірақ үнемі көкпары дамыған үш облыстағы командаларды астанаға әкеліп, басшыларға көрсете салады. Ал ақша қайда? Бір күні осы мәселе бойынша Бекболат Тілеуханмен қатты ренжістік. Ақша «Самұрық-Қазынадан» бөлінгенде Ұлттық спорт қауымдастығының құрметті президенті Қайрат Сатыбалды барып өзі алады, дейді Бекболат Тілеухан. «Сонда Қайрат біздің ұлттық спорттың ақшасына қарап тұр ма? Болмайды бұлай. Оған айтайық» десем, Бекболат «Қайтесіз, Қайреке?» дей береді. Басқа федерацияларды алтынмен аптап қойған. Оның қасында Ұлттық спорт өз жерінде сорлының күнін кешіп жүр ғой», — дейді Рамазан Сәттібаев.

Рамазан Сәттібаев сұхбат барысында «Самұрық-Қазынадан» ұлттық спортқа бөлінген ақшаның бір бөлігі кеңсені жалға алуға кететін алға тартты.

«Қауымдастық үшін кеңсені жалға алады. Оған Бекболат Тілеуханның жеке ғимаратынан кеңсе алып, соған ақша төлеп отырдық. Ол жерде тек ұлттық спорт қауымдастығы ғана емес, Спортты дамыту орталығы да кеңсені жалға алып отыр», — деді Рамазан Сәттібаев.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.