Тұрғындар тілегін орындау – биліктің басты бағыты

0 228

Т. Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұлов Қорағаты ауылындағы облыстық мәндегі «Луговой-Қорағаты» бағытындағы тас жолдың 20-37 шақырымындағы орта жөндеу және аталған ауылға жүргізіліп жатқан газ тарту жұмыстарымен танысып, атқарылып жатқан ауқымды істердің орындалу барысына зер салды.
Қорағаты ауылына газ құбырын тарту жұмыстары мамыр айында басталған болатын. Жоспарға сәйкес, аталмыш жоба ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс. Дәл қазіргі таңда Қорағаты ауылдық округі тарапынан ауыл тұрғындарының құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Ал, аты аталған ауылға апаратын жолдың жөндеу жұмыстары «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Қорағатыдағы қос жобаның барысымен танысқан аудан басшысы мердігерлерге аталған жұмыстардың сапалы әрі уақытылы аяқталуын өзінің жіті бақылауында ұстайтынын мәлімдеді.
Іс-сапар барысында Ерболат Салқынбекұлы Бәйтелі ауылында атқарылып жатқан ауқымды жобалармен де танысты. Атап айтар болсақ, дәл қазір онда ауыз сумен қамту және ауылға көгілдір отын кіргізу жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш жобалар жоспарға сәйкес ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.

Аудан әкімінің назарына іліккен нысандардың арасында іргетасы қаланып жатқан Луговой ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені де болды. Аталған құрылыс нысанының ұзақтығы — 7 ай. Әмбебап залы бар кешеннің құрылыс жұмыстары аяқталған соң аудан тұрғындарына қолжетімді және ақысыз болады деп жоспарлануда. Айта кету керек, алдағы уақытта аудан аумағында бұқаралық спортты дамыту мақсатында 7 ангарлық спорт зал соғу жоспарға қойылған. Егер расымен де аталмыш жоспар өз деңгейінде орындалатын болса, ауылдық жерлерде спортпен шұғылданушылардың саны күрт артатыны сөзсіз.
Назардағы нысандардың жұмысымен танысқан аудан басшысы Ерболат Садырқұлов іс-сапар соңында «Аудан аумағында атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы тұрғындар тілегінен туындаған жобалар. Яғни, біз аудан халқының сұранысын мүмкіндігінше қанағаттандыруымыз керек. Және атқарылған жұмыстар сапалы орындалғаны абзал. Сондықтан да жұмыстарды жоғары деңгейде әрі нақты мерзімінде аяқтау – аса маңызды» деп мердігерлер мен тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.