Тұрғын үй мәселесі шешімін табуда

0 155

Көне шаһардың туған күні қарсаңында №15 ықшамауданда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерген 45 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Салтанатты шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев  көпшілікті қоныстоймен құттықтап, тұрғындарға пәтер кілттерін табыстады.

– Біздің елімізде қолжетімді баспана мәселесін шешуге ерекше назар аударылуда. Бұл ішкі саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында облысымызда мыңдаған отбасы баспанамен қамтылды. Айталық, биыл 50 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланса,бүгінге дейін оның 32 -сі пайдалануға берілді. Сондай-ақ өңірде тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселелерін тиімді шешу үшін «Асарлатып үй салу» жобасы да белсенді түрде жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін атымтайжомарт жандардың  күшімен 138 үй салынса, оның 15-і Тараз қаласына тиесілі болмақ. Бұдан бөлек осы ықшам ауданда еңселі білім ордасы бой көтереді. Бүгінгі қоныстой иелерін қуаныштарымен құттықтаймын. Үйлеріңіз шаттыққа тола берсін!, – деді аймақ басшысы.

Жобалық құны 442,405 миллион тенгені құрайтын нысанның құрылысын «Бином» ЖШС-і жүргізген. Тұрғын үйге белгіленген ауданның аумағы  6589,1 шаршы метрге,ал құрылыс ауданы  705,65  шаршы метрге созылып жатыр.  5 қабаттан тұратын тұрғын үйдің жалпы ауданы 3533,63 шаршы метр, ал пәтерлердің жалпы ауданы  3043,02 шаршы метрге жетеді. Пәтерлердің барлығы 2 бөлмелі.

Көпбалалы ана Зәуре Жаңалақованың пәтер кезегінде тұрғанына 10 жыл болса, енді баспана кілтіне қол жеткізген тұрғынның қуанышы қойнына сыймауда.

– Өз баспанамды армандағаныма 10 жылдан асты. Әлі де сене алар емеспін. Мен үшін бұл өмірімдегі бақытты күндердің бірі. Әсіресе, балаларым жаңа үйге көшетінімізді естіп, мәз-мейрам болып жатыр. Бұл үшін облыс басшылығына алғыстан басқа  айтарым жоқ, – дейді ол.

Балалар үйінің тәрбиеленушісі Элина Марченко да өз қуанышымен бөлісті.

– Мемлекетіміз әрдайым ата-ана қамқорлығынсыз қалған жандарға ұдайы демеу көрсетіп келеді.  Бүгін соның жарқын көрінісіне куә болып отырмыз. Бұл менің өмірімдегі бақытты күндердің бірі, – дейді жаңа пәтердің иесі.

Айта кету керек, ағымдағы жылдың 8 айында 372,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға артық орындалған.

Салтанатты шарадан соң аймақ басшысы пәтерлерді аралап көріп, тұрғындармен тілдесті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.