Тұқым сапасы жақсарып келеді

0 137

Егіс алқабынан сапалы әрі мол өнім алу үшін егістікке ең жоғары тұқым сұрпын себу көзделген. Сол үшін де қазір жерге дән себуде төртінші репродукциялы тұқымнан үзілді-кесілді бас тартылып жатыр. Шаруаларды сапалы тұқыммен қамтамасыз ету мақсатында Т.Рысқұлов ауданында бүгінде «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Қайнар Агро» ЖШС, «Шалқар», «Шаушен» шаруа қожалығы секілді 4 элиталық астық тұқымы шаруашылығы жұмыс істеп жатыр. Олардың тұқым шаруашылығы статусының мерзімі бітуіне байланысты қазір қайтадан құжаттарды рәсімдеу жұмыстары қолға алынуда. Олардың есебінен 10 808 тонна жаздық дақылдардың тұқымы дайындалса, оның 540 тоннасы элита, 10 мың 85 тоннасы 1-3 репродукциялы тұқымдар. Аудан шаруашылықтарына жетіспейтін 562 себу бірлігі қант қызылшасының тұқымын «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік коорпарациясынан және 35 тонна картоп тұқымын Алматы қаласынан, 12 тонна көп жылдық шөп тұқымын Алматы облысы мен Меркі, Қордай аудандарынан алыныпты.

Егіс алқабын ұқсатуда құрал-сайманның да сақадай сай болуы аса қажет. Осы күні ауыл шаруашылығы техникасы паркын жаңалауда Т.Рысқұлов ауданы облыс бойынша алдыңғы орында тұрғанын айта кетуіміз керек. Жыл ішінде техника паркін жаңарту бойынша берілген тапсырма 10 пайыға межеленсе, 2021 жылдың 6 айында меженің орындалуы 7,5 пайыз болыпты. Жыл соңына дейін бұл межені 11 пайызға жеткізу көделіпті.

Бүгінгі күнге егілген 120713 гектар масақты дәнді дақылдарды ысырапсыз жинап алу мақсатында, аудандағы 207 дана егін комбайндарын жөндеу, дайындау жұмыстары атқарылып жатыр екен. Басты мақсат – ауа райының қолайлылығын пайдаланып, астықты сапалы және дер кезінде жинап алу.

Егін бітік шығуы үшін алқаптың судан таршылық көрмеуі де маңызды жайт. Сол үшінде жердің астындағы, үстіндегі суды тиімді пайдалану – уақыт талабы. Биылғы жылы таулы аймақтарда қардың аз түсуінен алдыңғы жылмен салыстырғанда тау суының мөлшері аз болғаны белгілі. Сол себепті КСРО дәуірінен қалған ескі ұңғымаларды іздеп тауып, олардың көзін ашып, қалпына келтіру және мемлекет тарапынан 50 пайыздық жеңілдетілген бағамен беріліп жатқан жаңбырлатып суғару қондырғысын пайдаланудың маңыздылығы әр ауылдық округте орналасқан шаруашылықтар арқылы ұйымдастырылуда. Соның арқасында 6 ай ішінде тиісті тарапқа 19 жаңбырлатып суару қондырғысына сұраныс беріліп, оның 16-сы шаруаларға берілген. Қосымша 15 дана құрылғының тиісті құжаттары әзірленіп, «Тараз» ӘКК арқылы жаңбырлатып суару жүйесін алу көзделіп отыр.

Аудан бойынша 192 ұңғыма бар болса, оның 104-і егістік басында орналасыпты. Осы егістікке пайдалану мүмкіндігі бар 104 ұңғыманың бүгінгі күнгі жағдайы, орналасқан жері толықтай зерделенген екен. Қазір 104 ұңғыманың 26-сынан су ағып тұрса, көзі бітелмеген, ішінде суы бар құдық саны – 54, көзі бітелгені – 24 екен. Жалпы осы ұңғымаларды қалпына келтіру арқылы 2038 гектар суармалы алқап айналымға қосуға болады екен.

Сондықтан бүгінде жеке меншіктегі 51 ұңғыманы меншік иелерінен шұғыл арада қалпына келтіруді талап етіліпті. Иесіз 30 ұңғыманы ауылдық округ әкімшілігінің теңгеріміне қабылдап жөндеу мәселесі де ұйымдастырылуда.

Сонымен қатар, аудан аумағындағы таудан келетін 18 каналдардың бүгінгі күнгі жағдайы да зерделенген. Әлгі таудан келетін каналдардың жалпы суармалы жер көлемі 6,7 мың гектар алқапты құраса, бүгінгі күнге каналдардың тозығы жетуіне байланысты тек 2,9 мың гектар алқап қана суғарылып жатқан көрінеді.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.