«Түйте» каналын сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылды

0 102

Жамбыл облыстық прокуратураның бастамасы негізінде Жамбыл облысы әкімдігінің қаржы басқармасы тарапынан жеке меншікке сатылған мемлекеттік мүліктерді мемлекет иелігіне қайтару туралы берілген талап-арызы бойынша Жамбыл аудандық сотының 2023 жылғы 21 ақпандағы шешімі Жамбыл облыстық соты алқасының 2023 жылғы 7 маусымдағы қаулысымен күшінде қалдырылды.
Атап айтқанда:
• «Түйте» магистралдық каналы, «Дунганов» гидроқұрылысы, «Түйте» бөгет құрылысы, «Түйте» бас реттегіші бойынша «Жамбылводхоз» РМК-ның конкурстық басқарушысы А.А.Шудро мен Х.Б.Мадаминованың арасында жасалған 2006 жылғы 4 мамырдағы № 5 сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылды;
• Ұзындығы 44,7 км болатын бұрынғы Аса су құрылысы басқармасының (оңтүстік құрғату аймағы) мүлкін сату жөнінде «Жамбылводхоз» РМК-ның конкурстық басқарушысы А.А.Шудро мен С.Т.Мадаминовтың арасында жасалған 2006 жылғы 20 маусымдағы №6 сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылды.
Бұл шешімді қабылдауға бір кездері су шаруашылығы құрылыстарының меншік иесі болып табылмайтын «Жамбылводхоз» РМК-ның даулы сатып алу-сату шарттары бойынша су шаруашылығы құрылыстарын иеліктен шығаруға құқығы болмағаны негіз болды. Демек, бұл шарттар Су және Жер кодекстерінің талаптарын бұза отырып жасалған.
Қазақстан Республикасының Су кодексінің талаптарына сәйкес, азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жеке меншігінде бірнеше шаруашылық жүргізуші субъектілерінің жер учаскелеріне қызмет көрсететін ирригациялық құрылыстары бола алмайды.
Ал, Х.Мадаминованың жеке меншігінде көптеген шаруашылық жүргізуші субъектілері мен елді мекендердің жер учаскелеріне қызмет көрсететін ирригациялық құрылыстары болған. Яғни, Х.Б. Мадаминова су ресурстарын бөлу мәні бойынша монополиялық құқықты заңсыз иемденген.
Бүгінгі күнге жоғарыда аталған мүліктерді облыстық коммуналдық меншікке қабылдау рәсімдері басталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.