«Телеарналар рейтингке емес, ұрпақ тәрбиесіне жұмыс істеуі керек»

0 844

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыстық телеарналарды аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. Бердібек Машбекұлы алдымен ағымдағы жылдың ақпан айында ашылған «Taraz24» коммерциялық телеарнасына барып, ұжымның жұмысына қанығып, жоспарларын тыңдады.

Тәулік бойы хабар тарататын «Taraz24» телеарнасының түрлі бағыттағы бағдарламалары мен жобалары бүгінде көрерменнің көңілінен шығып, ыстық ықыласына ие болуда. Ақпарат айдынында алғашқы қадамдарын жасап, аз уақытта көрермен жүрегіне жол тапқан арнаның күнделікті жұмыс барысы, алдағы жоспарлары қысқаша баяндалған бейнероликті тамашалаған аймақ басшысы әріптестердің жұмысына оң баға беріп, алдағы мақсат-міндеттеріне құлақ түрді.

– Еліміздің бірқатар облысында қызмет атқарып, «Ақтөбе 24», «Өскемен 24» немесе «Шымкент 24» деген тәулік бойы хабар тарататын телеарнаны көрген жоқпын. Сондықтан жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Істеріңіз берекелі болсын.
Телеарна – тәрбие құралының бірі екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Сол себепті әсіресе мектеп жасындағы жастардың тәрбиесіне ерекше басымдық беру керек. Мәселен Шөлдалада болған оқиғадан сабақ алып, алдағы уақытта салдарымен емес, себебімен күресуге күш жұмылдырған жөн. Түрлі бағдарламалар, хабарлар арқылы жастардың санасына сәуле түсіруге болады. Өкінішке қарай, қазір бала тәрбиесіндегі ата-ана рөлі мен жауапкершілігі төмендеп барады. Шөлдалада болған жағдай былтыр да орын алған. Сондықтан ата-аналар да бір сәт ойлануы қажет емес пе? Әрине, Шөлдалада, басқа да қала аумағындағы саяжайларда бірқатар мәселелер бар. Туындаған мәселенің бәрін бірден шешу мүмкін емес. Дегенмен біз бірінші кезекте жол, жарықтандыру, ауызсу мәселелеріне көңіл бөліп отырмыз. Қазір арнайы қаржы бөлінді. Алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешімін табады.
Одан кейін салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды жастар арасында насихаттаудың да маңызы зор. Телеарна арқылы ұлттық тәрбиенің уызына қанып өскен жастан бұзақы шықпайды. Сондай-ақ еріктілердің де жұмысына мән беріңіздер. Мойындау керек, ерікті жастарымыз көптеген ілкімді істердің басы-қасында жүр. Кез келген жағдайда алдыңғы шепте жүреді. Ендеше, жалынды ерікті жастарды неге насихаттамасқа?! Басқаларға үлгі етейік. Әрине, өткір мәселелерді де ұмыт қалдыруға болмайды. Халықты алаңдатқан мәселелермен телеарна арқылы да танысып отыруымыз қажет, – деген Бердібек Машбекұлы өзге де өзекті ойларын ортаға салды.
Ал телеарна директорының орынбасары Данияр Әлімқұл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жоспарланған телеарна жобаларын ұсынды. «Жамбылдың отыз жылдағы жетістігі» жобасы аясында сан саладағы отыз жылда жеткен жетістіктер жан-жақты сараланатын болады. Осы орайда Д.Әлімқұл жобаны жүзеге асыруға барлық деңгейдегі басшылардың атсалысуына қолдау көрсетуді сұрады. Данияр Әлімқұлдың әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған, көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға арнап тегін курс ашып, жастарды журналистикаға баулу туралы ойы да Бердібек Машбекұлының көңілінен шығып, өңір басшысы кез келген ұтымды ұсынысты қолдайтынын жеткізді.
Бердібек Сапарбаев келесі кезекте Мейіржан Әлібекұлы басқаратын облыстық «Jambyl» телеарнасына ат басын бұрды. Мейіржан Әлібекұлы ақпарат айдынында өзіндік бедел-бедері бар облыстық арнаның бүгінгі жай-күйі жайлы баяндап, түрлі бағыттағы хабарлар түсірілетін студияларды аралатып көрсетті. Ал санитарлық талаптарды сақтай отырып өткен кездесуде Бердібек Сапарбаев ұйысқан ұжымның еңбегіне алғыс білдірді.
– Қазіргі уақытта халыққа алыпқашпа сөз емес, нақты мәлімет керек. Қаншалықты дұрыс мәлімет берілсе, соғұрлым ел ішінде тыныштық болады. Сондықтан сіздердің еңбектеріңізді атап өтпеске болмайды. Ал адал еңбекке әділ құрмет жасалуы тиіс. Сол себепті қай кезде де қолдаудан қашпаймыз. Өткенде өздеріңізбен өткен кездесуде ғимаратты жөндеу, материалдық-техникалық базаны жаңарту сынды бірнеше мәселе айтылған болатын. Айтылған мәселелерді шешуге көмектесеміз. Биылдан қалмасын. Уәде берілген соң орындалуы тиіс.
Айрықша атап өтер жайт, қазір корпорация облыстағы филиалдарын жергілікті әкімдіктің балансына өткізіп жатыр. Егер қажет деп тапса, солай жасалар, мүмкін. Бірақ сіздердің «қысқарып кетеміз» деп үрейленулеріңізге еш негіз жоқ. Жақсы мамандар әрқашан жұмыс істейді, – деді Б.Сапарбаев.
Бұдан кейін «77TV» телеарнасына барған Бердібек Сапарбаев ұжыммен кездесіп, мекемені аралап көрді. Биыл көрерменмен қауышқанына 5 жыл болған арна бүгінде жас журналистердің шығармашылығын шыңдайтын шеберханасына айналып үлгерген. Телеарна 18 сағаттық эфир таратады. Ұжымда барлығы 42 қызметкер жұмыс істесе, 90 пайызы жастар екен. Қазіргі таңда эфирде жиырмаға жуық хабар көрсетіледі. «Өзекті», «Көзқарас», «Туған жер», «Ұлттық код», «Журналист мамандығын өзгертеді» сынды хабарлар көрерменнің көзайымына айналған. Телеарна директоры Ұлан Жолдықұлұлы келешекте Шымкент, Түркістан қалаларынан арнаның филиалдарын ашу жоспары бар екенін жеткізді.
Мекемені аралап, студиялармен танысқан Бердібек Машбекұлы шығармашылық ұжымның жұмысына табыс тіледі.

Т.БЕРІКБАЙҰЛЫ

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.