Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ауылға ауыз су тартылды

0 134

Су – тіршілік көзі, берекенің бастауы. Жалпы еліміздегі әрбір елді мекендерді таза ауызсумен қамту Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарынан тыс қалған емес. Мемлекет басшысы бір сөзінде: «Келесі өзекті мәселе – халықты сумен қамтамасыз ету. Таза ауыз су әрбір үйде, әрбір отбасында болуы міндет», – деген еді. Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мақсатты бағдарламалардың бірі – елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету десек, бұл шаруа өз өңірімізде де жүйелі жүргізілуде. Мәселен Байзақ ауданы Ботамойнақ ауылдық округінде қолға алынған су қабылдау имараттары мен су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Халық денсаулығының мықты болуы да таза ауыз судың сапасына байланысты екені анық. Сол үшін де аудан басшылары барлық ауылды таза ауызсумен қамтуды тазардан тыс қалдырған емес. Соның арқасында аудандағы 43 елді мекеннің 56 пайызы таза ауыз сумен қамтылса, жыл басынан бері 7 елді мекенде тиісті жұмыстар жүргізіліпті.

Ботамойнақ ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеулімжай Шартықбаев таза ауызсудың ауылға ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай беріліп отырғанын айтады. Құрылыс жұмысын «Тараз Строй – 2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіпті.

– Ауыз су мәселесі ауылда көп жылдан бері мәселе ретінде көтеріліп келген-ді. Ауылдықтардың осы арман-тілегі биыл орындалып отыр. Жақында дәстүрге сай, ауыз судың пайдалануға берулі салтанатты жағдайда өтіп, нысанды аудан әкімі Бақыт Қазанбасов ашып берді. Бақыт Алпысбайұлы нысанның кермесін қиғаннан кейін су қондырғысы іске қосылды. Салтанатты шара қатысушылары ғимарат ішін аралап, таза ауыз судаың дәмін де татып көрді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сарабдал саясатының арқасында және мемлекеттік бағдарлама арқылы бой көтерген ауыз су нысаны ұзақ жылдар бойы осы ауылды таза сумен қамтамасыз ететіні анық. Көп тілегінің орындалуына күш салған аудан басшыларына, құрылыс жұмысын сапалы жүргізген «Тараз Строй – 2004» компаниясының басшысы Біржан Жорабековке алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бұл игілікке қол жеткізуіміз тәуелсіздігіміздің арқасы, – дейді К.Шартықбаев.

Аталған ауыл бойынша су құбыры желісінің ұзындығы 31 шақырымды құраса, оған 1021 ауладағы бес мыңнан астам тұрғындар таза ауыз сумен қамтылып отыр. Жергілікті тұрғындар арасынан «Байзақ Су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны арқылы 3 машинист және 1 бақылаушы тұрақты жұмысқа қабылданыпты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.