Тараздағы мектептер бір орталықтан бақыланады

0 154

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында барлық білім беру ұйымдарына бейнебақылу құрылғысын орнату жөнінде тапсырма берген болатын. Өз сөзінде Президент: «Кейінгі жылдары балалар мен жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол салу жағдайы көбейіп барады. Балаларға зорлық-зомбылық көрсету жағдайлары да азаймай тұр. Үкіметтік емес ұйымдармен және сарапшылармен бірлесіп, мұндай теріс үрдістің алдын алу үшін шараларды қабылдау қажет. Осы мәселеге қатысты шетелдердің озық тәжірибесін қолдануға болады», – деген еді.

Тапсырма талабы – нәтиже. Өңірімізде бұл бағытта атқарылған шаруа айтуға тұрарлықтай. Біткен істің жай-жапсарын жақында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі пайымдап көрді. Нақты айтқанда, аймақ басшысы Тараз қаласының бірқатар білім мекмелері мен ішкі істер департаментінде болып, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйелерімен танысып шықты.

Алдымен №7 орыс мектеп- гимназиясына барған Б.Сапарбаев ондағы жаңадан орнатылған турникеттермен танысты. Енді оқушылар турникеттерден «Tulpar Card» жол жүру картасы арқылы өтеді. Оқушының ішке кіріп-шығуы мектепте орнатылған 10 бейнебақылау құрылғысы арқылы бақыланады. Облыс әкімі өз кезегінде «Дабыл» қондырғысы мен бақылау нүктесін іске қосу неліктен кешігіп жатқанын а назар аударды. Бердібек машбекұлы аталған білім беру ошағының ішкі-сыртқы безендірілуі мен QR код арқылы жұмыс істейтін картаға, фойедегі кітап сөрелеріне көңіл бөлді.

Өңір басшысы мектеп-гимназия музейін де аралап, 8-сынып оқушыларының сабақ оқу барысымен танысты. Онда қазақ тілі сабағына ден қойған оқушылардың жағдайын, оқу үлгерімдерін, үйірмелермен қамтылу мүмкіндіктеріне терең үңілді.

Келесі кезекте облыс әкімі №51 орта мектепте болды. Мектеп директоры Бақыт Сапаралиева былтыр бұл мектептен 1 «Алтын белгі», 7 ерекше аттестат иегерлері шыққанын, 1400 оқушы білім алатынын айтып берді. Оқу ордасының кіре берісіне де балалардың қауіпсіздігі үшін турникеттер орнатылған. Дегенмен, «Tulpar Card» картасы 481 оқушыда ғана бар болып шықты.

Мұнан соң Бердібек Сапарбаев облыстық Тараз қаласы полиция басқармасы жедел басқару орталығына барды. Облыстық полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов бүгінгі күні Тараздағы 10 мектепте орналасқан 60 бейнекамера бір орталықтан бақыланып отырғанын айтты.

Облыс әкімі өзінің орынбасары Дәулет Кәрібекке Тараздағы, жақын аудандардағы мектептердің бейне-бақылау камераларын осы орталыққа қосу жұмыстарын жеделдетіп ұйымдастыруды, өзге де жауаптыларға оқушылардың қауіпсіздігі үшін барлық жағдайды жасауды тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.