Таразда «Тәртіп – тазалықтан басталады» атты экологиялық акциясы өтті
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Тектұрмас» тарихи-этно-мәдени кешенінде «Тәртіп – тазалықтан басталады» атты экологиялық акциясы өткізілді.
«Тектұрмас» кешені тарихи орын ғана емес, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін маңызды мәдени нысандардың бірі болып табылады. Сондықтан кешен аумағын абаттандыру, санитарлық тазалығын сақтау және келушілер үшін қолайлы жағдай қалыптастыру – басты міндеттердің бірі. Осындай жүйелі жұмыстар арқылы өңірдің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттап, туристердің қызығушылығын арттыруға болады.
Акцияға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қатысып, табиғатты қорғау, қоғамдық тәртіп пен тазалық мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
– Бүгін біз табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған игі бастаманың аясында бас қосып отырмыз. Тазалықты сақтау, тәртіпті ұстау – бұл отансүйгіштік пен жауапкершіліктің, табиғатқа деген қамқорлықтың және қоғам алдындағы азаматтық парыздың жарқын көрінісі. Мемлекет басшысы ұсынған «Заң және тәртіп» қағидаты бүгінгі қоғамның басты құндылықтарының біріне айналуда. Заңға бағынатын, қоғамдық тәртіпті сақтайтын, айналасына құрметпен қарайтын азамат қана өркениетті қоғамның қалыптасуына үлес қоса алады, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Іс-шараға 200-ден астам жастар ұйымдарының өкілдері, еріктілер мен белсенді жастар қатысты. Акция барысында қатысушылар белгіленген 17 гектар аумақта санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізіп, тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстарды жинады. Нәтижесінде 5 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, тарихи кешен аумағы толықтай тазартылды.
Сонымен қатар акция барысында қатысушыларға қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдық орындарда тазалық сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар тұрғындардың табиғатқа жанашырлықпен қарауына, туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға үндейтінін атап өтті.
Айта кетейік, облыста «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күнге дейін өңірде 48,5 мың жасыл желек отырғызылып, 2,6 мың шақырым көше жолдары, 810 шақырым арық жүйелері мен каналдар тазартылды. Сондай-ақ 615,5 мың шаршы метр саябақтар мен скверлер аумақтары ретке келтіріліп, 5,8 мың тоннадан астам күл-қоқыс шығарылды.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай игі шаралар өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, қоғамда тазалық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға, қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдыларын нығайтуға ықпал етуде.