Таразда құрылыс қарқынды жүруде

0 254

Жуырда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыс орталығы Тараз қаласындағы демеушілердің есебінен бой көтеріп жатқан әлеуметтік нысандарды аралады. Алдымен «Мамыр» саябағында орналасқан «Асар» оңалту-сауықтыру орталығының аумағында салынып жатқан иппотерапия орталығының құрылысымен танысты. Мердігер компания – «Пырақ құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мердігер компания өкілінің айтуынша, алдағы уақытта 30-60 метрлік алаңда бір мезгілде 12 атпен серуендеуге болады екен.

Мұнан кейін аймақ басшысы мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылығы орталығының қосымша ғимаратының құрылысының жай-күйін көзбен көрді. Жалпы келекшекте нысан оқушылар сарайы болады деп күтілуде. Нысанның жалпы ауданы-9,3 мың шаршы метр. Ғимарат құрылысын «Тараз құрылыс инвест» жүргізуде.

Бердібек Машбекұлы жоспарлы жұмыстардың баяу жүргізіліп жатқанын сынға алып, мердігерге кесте бойынша тапсыруды еске алды.

Сондай-ақ аймақ басшысы облыс орталығындағы жалпы ауданы 11,9 мың шаршы метрді құрайтын көркем гимнастика және үстел теннисіне арналған спорт кешеніне де арнайы ат басын бұрды. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың наурыз айында басталған кешенде қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Мердігер «Тараз Строй 2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мейірбек Жүнісовтің сөзіне сүйенсек, қазір жұмысшылар ішкі әрлеу және көгалдандыру жұмыстарына кіріскен. Нысан тамыз айында пайдалануға берілмек.

Ал аталған кешен «Тараз-Арена» спорт сарайы арасында спорт қалашығы салынатын болады. Аталған нысанның құрылысын аймақ басшысының «Таразға тарту» жобасы аясында облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармаларының жүргізуде. Мұнда облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев құрылыс жұмыстарының барысымен таныстырды.

Сонымен қатар Б.Машбекұлы «Анаға тағзым» орталығына арнайы барып, құрылысын көзбен көрді. Орталық ағымдағы жылдың тамыз айында пайдалануға берілетін болады. Осылайша бірқатар әлеуметтік нысандарды аралаған облыс әкімі Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевқа нақты тапсырмалар жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.