Таласта асарлатып салынған тағы бір үй тапсырылды

0 295

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы, оның ішінде «Асарлатып үй салу» бойынша облыс әкімі Б.Сапарбаевтың бастамасымен 2020 жылы Талас ауданында 7 үй беріліп, қоныс тойлары тойланған болатын. Биыл Талас ауданына қарасты 6 ауылдық округте 8 тұрғын үй салу жоспарланған. Ағымдағы жылдың 1-мамырында Есейхан ауылында аталмыш жоба бойынша 3 үй берілді. Бүгінде бірлікпен жасалған еңбектің арқасында Берікқара ауылдық округіне қарасты Қожағаппар ауылында құны 1,2 млн.теңгені құрайтын баспана салынды.
Қоныс той иесін құттықтауға Талас ауданының әкімі Қанатбек Қайшыбекұлы арнайы барып, осындай игі іске ат салысқан барша қауымға алғысын білдірді. Аталмыш істі ұйымдастырып, құрылыс жұмыстарына бас-көз болып келген ауылдық клуб меңгерушісі Момынқұл Мырзахметов пен екі ай бойы асарға келген ағайынға ас-суын дайындап берген ауыл тұрғыны Назымкүл Райымбековаға рахметін жеткізді.
Салтанатты рәсім барысында ауылда бой көтерген жаңа тұрғын үйдің кілтін табыстау үшін ауыл зейнеткері Жақып Құтпанбаев қария құттықтау сөзін сөйлеп, ауыл тұрғыны, жағдайы төмен, жалғызбасты азамат – Дәулетбек Райымбековке 4 бөлмелі үйдің кілтін табыстады.
Жақынына жанашырлықпен қараған қазақ халқы ынтымағы мен ырысын арттыратынын тағы бір рет көрсетіп отыр. Ең алдымен таудай талабымен тындырымды тірлік жасап, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созған ауыл тұрғындары мен ат салысқан барша қауымға айтар алғысымыз шексіз.

Айта кетейік, бұл баста­маны жергілікті «Рухани жаңғыру» жобалық офисі арнайы көтеріп, өңірде «Асарлатып үй салу» жо­ба­сын іске қосқан болатын. Мұн­­дағы мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандарға, аз қамтыл­ған және көпбалалы отбасылар­ға көптің көмегімен асарлатып тұрғын үй салып беру. Бұл ретте бірінші кезекте кімдерге көмек көрсетілетінін жергілікті ақсақалдар кеңесімен келісе отырып, адамдардың өздері шешуде. Жергілікті атқарушы ор­ган­дар да игі бастамадан тыс қал­ып атқан жоқ. Негізінен мұнда баспанаға мұқтаж азаматтарға асарлатып үй салынуда.

Ежелден елдік мұратты, ұлттық құндылықты ерекше дәріптеген халқымызда ғасырлар бойы кісіліктің көркем үлгілері қалыптасқан. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қолда барын бір-бірімен бөлісіп, біріне-бірі қамқор, тілеулес болған ұлттың ұлылығы да осында.

Leave A Reply

Your email address will not be published.