Тағы бір үйдің кілті тапсырылды

0 253

Қазақ топырағында қалыптасқан «Асар» игі дәстүрі жаңарып, қайтадан кең құлаш жаюда. Аталған дәстүр әсіресе ауылдық жерлерде өркен жайып, ауылдастары мен туыстары мұқтаж жандарға қолұшын созатын болған.  Соның айғағы өткен жылдан бері ауылдық окруктерде осы  игі  дәстүр жалғасып, баспанасы жоқтар баспаналы болып, құрылғалы жөндеу жұмыстарын көрмеген үйлер әдемі қалыпқа келтіріліп, үй егелеріне кілттері тапсырылуда.

Елбасы-Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында және облыс әкімі Б.Сапарбаевтың хаттамалық тапсырмасымен  мереке қарсаңында Досбол ауылындағы Б.Шәдікәрімов көшесінде Жақсыбек Ауғанбаевтың  үйіне «Асарлатып үй салу» жобасы аясында қайта құрылыс жұмыстары жүргізіліп, үйдің кілті тапсырылды.

 Қайта қалпына келтіру жұмыстары үстіміздегі жылы 15 сәуірден басталып, 30 тамызда толық аяқталды. Тұрғын үйдің іші мен сырты сыланып, әрлеу жұмыстары, жылыту жүйесі жүргізіліп, сонымен қатар  газ пеші орнатылып,  пластик терезелері қойылған. Бұл жұмыстардың барлығы ауыл әкімі,  ауыл әкімі аппараты қызметкерлері, аудандық мәслихаттың депутаттары, ауыл тұрғындары, ағайын-туыс және демеушілердің атсалысуымен болды.

Осы игілікті істің ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі М.Сұлтанғалиев сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын Ата Заң күнімен  құттықтап, осындай игілікті істер жүргізіліп жатқандығын, онда ауызбіршілік, татулық көрініс тапқандығын айтып өтсе, ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, аудан басшысымен бірге үйдің лентасын қиды. Ал, ақ жаулықты аналар құтты болсын айтып, шашуларын шашты.

Тұрғын үй иесі Ауғанбаев Жақсыбек демеушілік жасаған округ тұрғындары мен осы бастаманы көтерген облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлына,  құрылыс жұмыстарын ұйымдастырушы ауылдық округ әкімі аппаратына алғысын білдірді.

Осындай игі іс Түркістан ауылдық округіне қарасты Әшір Бүркітбаев ауылында да „Асарлатып үй салу” жобасымен  толық емес отбасы Сартаев Қуаттың үйі толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді.

Үйдің салынғанына жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Бұл үйдің толықтай құрылыс жұмыстарына округке қарасты шаруашылық құрылымдарының төрағалары, жаны жомарт ауыл азаматтары демеушілік жасап,  үйдің  толықтай шатырын жаңартып, есік, терезелерін орнатып, едендерін ауыстыру, сыртқы қоршау орнатып, заманауи үлгіде құрылыс жұмыстарын жүргізілген.

Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Н.Нұралиев, ауылдық округ ақсақалдар кеңесінің төрағасы  Д.Бимбетов, «Болашақ» шар- уақожалығының төрағасы М.Ыстыбаев, ауыл имамы Е.Ибатовтар сөз сөйлеп, Ата Заң күнімен құттықтады.

Тұрғын үй иесі Сартаев Қуат  облыс, аудан, ауылық округтің әкімдеріне және демеушілік жасаған округ тұрғындарына шексіз ризашылығын білдірді.

Айта кетейік өткен  жылы округ тұрғыны  күрді ұлтының өкілі, көпбалалы, аз қамтылған отбасы Гасанов Исламға да округ тұрғындары тұрғын үй соғып берген.

Бүгінгі күні И.Гасанов отбасымен сол үйде тұрып жатыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.